Павлодарда өртенген мектеп шұғыл жөнделеді

№28 мектептен өрт шыққаны туралы хабарлама таңғы сағат 8.04-те келіп түскен. Ал сағат 10.15-те жауапты орган  басшылары оның толықтай сөндірілгенін  хабарлап қана қоймай тілсіз жаудың себебін де атап өтті. Физика кабинетінде қысқа тұйықталу болған.  Осыдан бір апта бұрын өрт шыққан қалалық №1 мектеп сияқты бұл білім ордасы да  «Заманауи мектеп» жобасы аясында күрделі жөндеуден өткен, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әйгерім Әбенова, облыстық Білім беру басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

№1 және №28 мектепті жөндеу жұмыстарынан кейін жекеменшік аудит тексерген. Соған қарамастан осы жылдың наурыз айында ТЖД-не қайтадан аудит өткізу үшін хат жолданды.  Мектептерге мемлекеттік аудит жүргізіледі.

Белгілі болғандай № 28 мектепте өрт қауіпсіздігі осыдан бір ай бұрын ғана тексерілген екен. Бірақ айтарлықтай олқылықтар анықталмапты. Өрт сөндірушілер қызыл жалынмен күресте  бірқатар қиындық туындағанына тоқталды

Сергей Огай, облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің басқарма басшысы:

Мектептің төбесі ескі материалдармен қапталған екен. Қара қағаз және  битум төселген. Шатырды бұзғанда  басқа да құрылыс материалдарына тап болдық. Оның үсті ағаш құрылымдар,   профлистермен  қапталыпты. Қою қара түтіннің шығуы содан. Битумның ұзақ жануынан  өрт сөндіру ұзаққа созылды.

Оқыс оқиғаға байланысты облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов шұғыл жиын өткізіп, барлық мектеп қызметкерлеріне өрт қауіпсіздігі ережелеріне оқытуды тапсырды.  Төтенше жағдайлар департаментіне өңірдің  әлеуметтік нысандарына жоспардан тыс тексеру жүргізу міндетін жүктеді.

Оқу жылының аяқталуына бір айдай мерзім қалған кезде мектептің отқа орануы оқушылар мен ұстаздарға, ата-аналарға  қиындық тудырып тұрғаны рас. Қазір арнайы мамандар мектептің техникалық жағдайын зерттеп жатыр. Сондай-ақ өрттің шығу себептері анықталуып жатыр. Ал, қазіргі мәселе мыңнан астам оқушыны басқа мектептерге орналастыру болып отыр.

Қазіргі кезде мектепті қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр.Онымен бірнеше мердігер фирма айналысады. Ал мектеп оқушылары ертеңнен бастап  қашықтан оқу үрдісіне көшеді. Негізгі   оқу корпусы зардап шекпеген. Егер техникалық  зерттеулер оң нәтиже берсе оқушылар білімін штаттық режимде жалғастырады. Ал мамандар білім ошағын жарамсыз деп тапса онда балаларды  жақын орналасқан мектептерге бөліп орналастыруға тура келеді.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Жеңіс Темірболат