Елордадағы саябақтардан сән кетті

Тұрғындардың айтуынша, орнықсыз төселген тастар, қираған гранит тақтайшалар мен кескіні бұзылған инсталяцияларды байқамау мүмкін емес. Жөндеу жұмыстарының жүргізіліп жатқанын да көрмейміз дейді шағымданушылар.

Бұл – ботаникалық саябақ. Есіл ауданындағы ірі қоғамдық орындардың бірі. Мына өрнекті тастардың саябақ аумағына төселгеніне айтарлықтай көп бола қойған жоқ. Бір қарағанда қаз-қатар тегіс жатқан сияқты. Алайда шайқалып тұрған шығыңқы бұрышы көп. Аяғыңызды сылбыр бассаңыз, сүрініп кетуіңіз әбден мүмкін. Сондықтан мұнда келсеңіз, әр қадамыңыз ширақ болсын дейді серуендеушілер.

Жасанды көл түбіндегі ахуал осындай болса, көл бетіндегі жағдай мынадай. Айта берсең көп. Кей жерлерінде гранит тақтайшалар түсіп қалған. Ағаш орындыққа отырсаңыз, саусағыңызға немесе киіміңізге тікен кірсе таң қалмаңыз. Енді Алматы ауданына ауыссақ. Мұнда 6 саябақ пен 28 қоғамдық орын бар. Триатлон парк пен Студенттер бағы аумағында да жөндеуді талап ететін азды-көпті кемшілік көрдік.

Әкімжан Болтаев, Алматы аудандық әкімдігі бөлімінің бас маманы:

- Осы саябақтар мен қоғамдық орындарда қолайлы мезгіл келгенде тұрақты түрде жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Биылғы жылы қоғамдық орындар мен саябақтарда жөндеу жұмыстары наурыз айының соңында басталып, қазіргі таңда жалғасып жатыр.

Бұл – Сарыарқа ауданындағы Тұңғыш президент музейіне қарасты сквер. Субұрқақ айналасындағы гранит қаптамалары сынған. Топырағы шөгіп, төселген тастар отырған. Өкініштісі сол, көңіл көншітпейтін көріністі аудан әкімшілігі алдынан да байқадық. Мамандардың айтуынша, қыс мезгілінде ауыр техникамен қар тазалау және үшкір құралмен мұз ою жұмыстары кезінде тастар бүлінген.

Жанболат Қыздарбек, Сарыарқа ауданы әкімдігі бөлімінің бас маманы:

- Сарыарқа ауданында 1 саябақ пен 53 сквер бар. Жаңғырту жұмыстары келесі айда басталады. Қазіргі таңда мердігер мекемені анықтау үшін консурстық процедура жүргізіліп жатыр. Өткен демалыста 125 түп ағаш ектік. Алдағы демалыс күндері де сенбілік ұйымдастырамыз. Жыл соңына дейін ауданда 14 мыңнан астам көшет егу жоспарланған.

Саябақтан тыс аумақтарда қисайған тас төсеуіштер көп. Салдарынан тротуарлар саңылауға толған. Әсіресе, кешкі және түнгі уақытта жүру қауіпті.

Ойықтардың біріне түсіп кетпесек болды деп алаңдайды елордалықтар. Мәселен, мынау Түркістан мен Сығанақ көшелерінің қиылысы. Бір күн бұрын түсірілген фотосурет. Бүгін барғанымызда жөндеу жұмыстары басталып кеткен. Бірақ бұл айда көгалдандыру және тазалық жұмыстарына басымдық беріліп жатыр дейді әкімдіктегілер.

Мирлан Алтынбек, Асхат Қарақойшиев