Цифрлық жүйе – уақыт үнемдеудің тиімді жолы

Цифрлық жүйе – уақыт үнемдеудің тиімді жолы

Уақыт үнемдеп, қағазбастылықтан арылудың ең тиімді жолы – цифрландыру. Қандай да да бір ғимаратқа кіру үшін рұқсат сұраудың тәртібін де IТ өнімнің көмегімен жеңілдетуге болады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бақыт Топтаева, тілші:

Жұмыс бабымен қандай да бір ғимаратқа кірсеңіз, төлқұжаттыңызды алдын ала дайындап қоюыңыз керек. Әдетте кіреберістегі қауіпсіздік қызметкері кімге, қандай мақсатпен келгеніңізді сұрап, дәптеріне тіркейді. Ал кейде шақырусыз келсеңіз, кіруге рұқсат берілмеуі мүмкін. Қауіпсіздік режимі күшейтілген мекемелердегі ереже осындай. Сондықтан, шақырушы тарап сізден құжатыңыздың көшірмесін немесе жеке сәйкестендіру нөмірін алдын ала сұратады да, қауіпсіздік қызметіне ескертіп, жібереді.

Күшейтілген тәртіппен күзетілетін ғимараттар өз алдына, бизнес орталықтарға да кірудің өз тәртібі бар. Әсел Қонысбаева осындай орталықтардың бірінен кеңсе жалдайтын компанияда қызмет етеді. Міндеттерінің бірі – кеңсеге келетін адамдарды қабылдау.

Әсел Қонысбаева, қала тұрғыны:

Сол кезде біз өзіміздің уақытымызды бөліп, астыға түсіп, құжаттарды рәсімдеу уақытты алады. Сол кісі, төлқұжатыңды ал деп алдын ала хабарласып айтуымыз керекпіз. Ол кісі келгенде аяқ асты төлқұжаты болмаса, кіруіне көптеген ыңғайсыздық келтіреді. Мысалы, бір күнде бір адам келуі мүмкін. Кейде 10 адам келуі мүмкін, ол әрине ыңғайсыздық тудырады жұмыс істеген адамға. Уақытым сол кіріп-шығуға көп кетеді деп ойлаймын.

Қазақстандық айти мамандары бұл үдерісті оңтайландырудың жолын тапқан. Ол – адамның бет-әлпетін танитын өлшем, яғни биометрияға негізделген Iguard жүйесі.  

Руслан Сариев, IGUARD жүйесі жобасының жетекшісі:

– Іс-шараны немесе кездесуді ұйымдастыру сілтеме жібереді. Ол туралы сізге смс хабарлама келеді. Сол кезде сіз тұлғаңызды растауыңыз керек. Яғни бет-әлпеттің биометриясы немесе төлқұжатыңыздың суретін салып, кездесуге келетініңізді растайсыз. Кездесуге келгенде төлқұжатты көрсетудің еш қажеті болмайды. Екіншіден, бұдан былай мәліметтеріңізді ешкім журналға тіркемейді. Ол журналды біз көк журнал, көк дәптер деп атап кеткенбіз. Барлық ресепшнде, күзетшілердің алдында көбіне сол көк дәптер жатады ғой. Сол жерге келіп-кетулер туралы мәлімет тіркеледі. Міне, біздің өнім сол журналдан құтылып, үдерісті цифрландыруға көмектеседі. Бұл күзетшілер үшін ғана емес, қабылдаушы тарап үшін де ыңғайлы.

Айта кетерлігі, бұған дейін цифрлық жүйе бірыңғай ұлттық тестілеу кезінде сынақтан сәтті өткен.

Руслан Сариев, IGUARD жүйесі жобасының басшысы:

Ол үшін біз не істедік? Тестілеу орталығы өзінің сайты мен біздің биометриялық сәйкестендіру жүйесін интеграциялаған еді. Оқушылар жүйемізді қолдана отырып, бет-әлпетін камераға түсіру арқылы ҰБТ-ға онлайн тіркеуден өтті. Осылайша автоматты түрде әрқайсысына электронды рұқсаттама әзірленді. Ал ұлттық тестілеу орталығы қызметкерлеріне арнайы бағдарламаны іске қостық. Сол арқылы олар құжатсыз-ақ, камераның көмегімен емтиханға расымен тіркеуден өткен оқушы кірді ме, жоқ па? Осыны лезде анықтай алды. 

Кіруге рұқсаттамадан бөлек, биометрияға негізделген цифрлық өнімдер бүгінде түрлі мәселені шешеді. Тіпті шағын несиеден бастап, ипотеканы рәсімдеуде қолданылады. Ол үшін смартфон мен интернет байланысы болса, жеткілікті.

Авторлары: Бақыт Топтаева, Ердан Наурызбаев