Қарағандыда баласы онкологиялық дертке шалдыққан көпбалалы анаға мешіт көмек көрсетіп келеді

Эльмира Ақылбекова жарымен бірге 6 бала тәрбиелеп отыр.  Қызғалдақтай қыздарының бірі онкологиялық дертке душар болған. Тапқан таянғаны көбіне соның ем-домына кетіп жатады. Көмек сұрап бармаған шенеунігі, қақпаған есігі қалмаған. Бірақ қайырымдылқты мешіттен – тауыпты . Қазір бұл отбасыға жүйелі түрде азық-түлік және қаржылай көмек беріліп отырады.

Эльмира Ақылбекова, көпбалалы ана:

Мешітке Алла разы болсын. Келіп, көмегін беріп, хабарласып сұрап тұрады. Қандай қажеттілік бар, қандай көмек берейік деп қол ұшын созып тұрады бізге.

Қарағандылық мұқтаж жандардан өзге студенттер де қайырымдылықтың куәсі болып жүр. Қазір дін өкілдері мен ерікті жастар оларға алып қазандармен тамақ пісіріп жатыр. Қасында құрмасы, суы, ас-тағамдары бар кәде сый мен сарқыттар баршасына рамазан айы басталғалы бері таратылып келеді. О баста шағыннан басталған шара қазір ел бойынша күніне 3500 адамға жеткізілді.

Қошкелді Жанболат, қалалық «Əл-Машани» мешітінің имамы:

Біз кеше жұма намазында халыққа хабарладық, осымен үшінші жұма мұқтаж, қарызға батып қалған жандар болса, қатты мұқтаждар болса хабарлаңыздар деп. Сол қазір алқа мүшесін дайындап, қазір шештік. Мысалы бір отбасында 5, 6, 7 бала болса әр қайсысына 10 мың теңгеден, 7 бала болса 70 мың теңге, 5 бала болса 50 мың теңге, егер ақша емес, азық-түлік десе азық-түлігін жеткізіп береміз. 

Шараның демеушісі бірінші орында мешіт пен дін жанашырлары, қарапайым халық дейді имамдар. Жалпы бұл акция өткен жылғы пандемия кезіндегі қайырымдылықтардан бастау алған. Дін өкілдері мұқтаж жандарға қол ұшын беруді рамазан айынан кейін де ұмыт қалдырмау керек екенін айтады.

Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков