Ақша мәселесі шешілмесе, күре жол салынбайды – Алматы облысы

«Алматы – Өскемен» бағытындағы автомагистральдың Талдықорған – Үшарал аралығындағы жол құрылысы тоқтап тұр, деп хабарлайды «Хабар 24».

2018 жылдан бері бұл аумақтың басым бөлігіне асфальт төселгенімен, биылға межеленген жұмыстар әлі басталмаған. Бұл Алакөл ауданы Көлбай ауылы тұрғындарының көңіліне күдік ұялатып отыр. Өйткені елді мекен ішімен өтетін жол құрылысы бірнеше жыл бұрын қолға алынғанымен әлі бітпеген. Жұртшылық тездетіп асфальт салып беруді сұрап отыр. Ойдым-ойдым болып шаңы шыққан жолдан әбден шаршадық, – дейді. Көлбай ауылының жанынан өтетін автомагистральдың қазіргі жағдайы, міне, осындай. Ойқы-шойқысы шыққан күре жолдан көлік ағыны күндіз түні де үзілмейді. Сондықтан шаңы да басылмайды.

Гүлмира Мисебаева, Көлбай ауылының тұрғыны:

Кафемнің ұсқыны кетіп қалды. Стенасын жуамыз шаң басады. Уже тамақ бере алмаймыз. Биыл уже отыра алмайды. Шаң-тозаңмен тыныстаймыз. Жұмысшы қыздарым бар. Бәрі бізге әсер етеді. Денсаулығымызға әсер етеді. Қайта-қайта шаң сүртіп жүйкеміз де жұқарды.

Айнаш Қалдыбекова, Көлбай ауылының тұрғыны:

Көлбайға келгенде тоқтады да қалды. Қыстай батпақ шыланып жатты. Көктемде сәпсім жаман болған. Енді қайта әкіміміз келіп, жасап жолды бері қаратып тұрғандағысы осы. Сәпсім жаман болған. Қазір шаңның ішінде отырмыз. Кешке үйге барғанда қап-қара, аппақ шаң болып барамыз. Жасап берсе, жақсы болар еді.

Автомагистраль Қызылағаш, Көлбай, Алмалы, Сағабүйен ауылдарының ортасымен өтеді. Елді мекен ішіндегі жолмен қатар көпірлердің де құрылысы бітпеген. 

Болат Қошқаров, Қабанбай ауылының тұрғыны:

– Мына жердегі ауылдың аяғындағы көпір басталған оны тастап кетті. Қазір көпірдің жанынан былай қарай өтіп жүру керек. Негізгі әңгіме бәрі жерді бірдей жасады, төрт бес жыл болып қалды. Бірдей аяқтау керек еді. Оны неменеге, не үшін қалдырып қойды.

Көлбайдан Қабанбай ауылына дейінгі аралықтағы жол топырақ және қиыршық тас төселген күйі жатыр. Сондықтан осы аймақта көлік қатынасы қиын әрі қауіпті.

Владимир Островерхов, жүргізуші:

Жол өте нашар. Биыл оны салып бітіреді деп еді, бірақ жол бойында бірде-бір техника не жұмысшы жоқ. Барлығы тоқтап тұр. Өгіз аяңмен Алматыға дейін екі тәулікте жетеміз. Жылдам жүрейін десең, көліктің бір жерін бұзып аласың.

2018 жылдан бері аталған автомагистральдың 278 км жол жөнделіп оған асфальт төселген. Қалған 30 шақырымының қашан жасалатыны әзірге белгісіз. Өйткені құрылыс заттарының қымбаттауына байланысты жұмыс кестесін өзгерттік,– дейді жауапты мекеме өкілдері. 

Нұрхан Ақылтаев, «ҚазАвтоЖол» ҰК облыстық филиалы басшысының орынбасары:

– Қазіргі таңда смета қайта есептеліп жатыр. Себебі жоба 2017-18 жылдары жасалған. «ҚазАвтоЖол» мекемесінің басшылығы қазір осы жұмыспен айналысып жатыр. Қаржы мәселесі шешілген кезде жол салу жұмыстары қайта жанданады. Бірақ нақты қай кезде басталатынын айта алмаймын.

«Алматы – Өскемен» автомагистралінің Талдықорғаннан Үшаралға дейінгі аралығын жасауға 123 млрд теңге қарастырылған. Бүгінгі күнге дейін қаражаттың тең жартысынан астамы игерілген. Жауаптылар күре жол құрылысын жыл соңына дейін бітіріп, толықтай пайдалануға беруді жоспарлап отыр.

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев