Алатау бөктерінде Сиверс алма ағашы гүлдей бастады

Бұл – жер бетіндегі алма атаулының түп атасы. Оны алғаш рет Иоган Сиверс сипаттап жазғандықтан алмаға ғалымның аты берілген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жеміс ағашын кейін академик Аймақ Жанғалиев зерттеп, оны қызыл кітапқа енгізді. Бертін келе генетикалық талдау жасаған шетелдік ғалымдар да алманың отаны Қазақстан екеніне көз жеткізген. Енді осы жабайы жемісті ұлттық брендке айналдыру керек. Осы мақсатта «Жоңғар Алатауы» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің қызметкерлері арнайы фестиваль ұйымдастырды.

Шыңғыс Қалиден, тілші:

Сиверс алмасы небәрі он-он бес күн ғана гүлдейді. Осы кезде таулы аймақ тұтастай гүлмен көмкерілген, жұпар иісі аңқыған ғажайып мекенге айналады. Себебі аталған дақыл төрт мың гектар жерді қамтып жатыр. Бұл дегеніңіз еліміздегі жабайы алманың тең жартысынан астамы осы «Жоңғар Алатауы» паркінде өседі дегенді білдіреді.

Сиверс алмасы теңіз деңгейінен 900 метрден басталып, 1800 метр биіктік аралығында өседі. Сондықтан жабайы алма алқабына жету оңай емес. Өзеннен өтіп, тауға шығуға тура келеді. Адам аяғы баспайтын тұмса табиғатта жайқалып тұратын ағаш 100 жылдан аса жеміс береді.   

Тоғжан Қасымханова, «Жоңғар Алатауы» МҰТП бөлім басшысы:

– Суыққа төзімді, аурулар мен зиянкестерге бой бермейді. Оның ароматы да тамаша, витаминдерге де бай. Жабайы жеміс болғандықтан, онда барлық табиғи микроэлементтер қоры сақталған.

Сиверс алмасын ұлттық брендке айналдырып, кеңінен насихаттау үшін саябақ қызметкерлері бірнеше бағытта туристік маршрут ұйымдастырған. Фестиваль аясында жамбы және садақ ату сынды ұлттық ойындар мен қолөнер шеберлерінің көрмесі көпшілік назарына ұсынылды. Көшет егіліп, орман қорын молайту жұмыстары қорытындыланды. 

Марат Қабиев, «Жоңғар Алатауы» МҰТП бас директоры:

Он жылда есептегенде 300 га асып кетті. Оның ішінде именно Қазақстанның орман қорына қосқанымыз 180 га болды.

Қазір Сиверс алмасының таралу аймағы тарылып бара жатыр деген пікір жиі айтылады. Оған нақты көз жеткізу үшін академик Құралай Кәрібаева биыл космомониторингтік жобаны жүзеге асырмақ. 

Құралай Кәрібаева, экология және орнықты даму институтының директоры:

– Осыдан 20 жыл бұрын жасалған біздің карта. Сол жерде сильный опустынивание, средний опустынивание, слабый опустынивание деп, содан кейін оны қалай қалыпқа келтіру жолдары көрсетілген. Соны қайтадан жасаймыз. Соны желтоқсанға дейін аяқтауымыз керек.

Карта Сиверс алмасының өсу аймағын 20 жыл бұрыңғысмен салыстырып, сараптама негізінде жүйелі жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Ғалымдар бұл салаға кешенді қолдау көрсетіліп, ұлттық құндылық ретінде қарайтын кез жетті деп отыр.

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев