Қызылорда облысында киікке күзет күшті

Төлдеу кезеңінде табиғаттың өзі кеңдік жасайтын ен даланың еркесіне зобалаң көбіне адам қолынан келеді. Жыртқыштардың тәбеті  қашып жатса да, қасқөйлер оңай олжа үшін ешнәрседен тайынар емес. Жуырда ғана осындай жантүршіктірер әрекет қайталанған, деп хабарлайды «Хабар 24».  

Жасұлан Жақияев, ОПД ЖПБ Табиғатты қорғау полициясы тобының аға инспекторы: 

– Көктем айында Қызылорда облысының Қармақшы ауданында бір іс тіркелді далалық жерде. 5 бас киікпен браконьерлер ұсталған болатын. Қазір тергеп, тексеру жұмыстары жүруде. 

Ен даланы шолып жүріп инспекторлар жол талғамайтын көліктің ізіне түсті. Көп ұзатпай қуып та жетті. Темір тұлпар ішінде аңшы мылтығының бар екені анықталды. Аңшылық ережесіне сай суық қару арнайы қаптамада болу керек. Тәртіп бұзған азаматқа инспекторлар хаттама толтырып, айыппұл салды.  

Кез-келген күдік тудырған автокөлікті инспекторлар тоқтата алады. Және көлік иесінің рұқсатымен оның ішін, жүксалғышын толық тексеруге мүмкіншіліктері бар. Егерде тыйым салынған қандай да бір зат немесе қару мен қызыл кітапқа енген аң табылған жағдайда бұл жерге жедел тергеу тобы шақырылады. 

Нұрдәулет Айтбаев, облыстық Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бас маманы:

– Облыс көлемінде былтыр 2021 жылы киік аңына қатысты 6 қылмыстық іс анықталып, оның біреуі киік аңының мүйізіне қатысты және осы 2022 жылдың 5 айлық есебі бойынша қазіргі таңда 7 қылмыстық іс тіркеліп тұр. Және оның біреуі атап өткен киік аңының мүйізіне қатысты. Бұл істер бойынша құзырлы органдарға істер жолданып, қазір тиісті шаралар қабылдануда.  

Әлемдегі киік аңының 95 проценті қазақ даласын мекендейді екен. Алайда тоқсаныншы жылдардағы санақ кезінде ел аумағында бұл жануардың небәрі 15 мың басы ғана кездескен. Сайын дала сұлуын сақтап қалу шараларының нәтижесінде бұл көрсеткіш әлдеқайда жақсарған. 

Аюхан Оқышбаев, «Охотзоопром» РМҚК жануарлар дүниесін қорғау қызметінің бас маманы

– Осындай акциялардың арқасында қазіргі уақытта қылмыстық істер азайып отыр. Өздеріңіз білесіздер киіктің саны өсті. 2021 жылы санақ өткенде 3 популяцияның саны 800 мыңнан астам болған, енді биыл санақ жұмыстары жүргізіліп жатыр. Миллионнан асады деген ойдамыз. 

Бір айлық «Киік» акциясына «Охотзоопром» мекемесі тарапынан 20 техника, 40 инспектор жұмылдырылып отыр. Олар 8 топқа бөлініп, далалық жерлерде браконьерлердің жолын кеседі. 3 бағыт бойынша Қызылорда облысының шығаберісіне мобильді бекеттер де қойылған. Соңғы жылдары заңсыз аң аулауға қатысты заңнама қатаңдатылғалы браконьерлер де аяқ тарта бастады,- дейді мамандар.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Музарапшин