Көкшетауда аулалардағы қоқыс контейнерлер шашылып, тұрғындардың мазасын қашырды

Көкшетауда аулалардағы қоқыс контейнерлер шашылып, тұрғындардың мазасын қашырды

Аулалардағы қоқыс контейнерлері толып қалған. Ал, оның сыртында тұрмыстық қалдықтар мен түрлі  құрылыс материалдары шашылып жатыр. Қазір өкінішке орай қаладағы әрбір екінші ауладағы жағдай осындай десек, артық айтқандық емес, деп хабарлайды «Хабар 24».

Иә, қоқыстың көптігінен қаланың өзі қазір тұрмыстық қалдықтар полигонына айналып бара жатқандай. Сасық иісі қолқаны қабады, ал, шыбын-шіркейлер мазаны алады, - дейді, жергілікті тұрғындар.

Владимир Смирнов, қала тұрғыны:

Мен бұл жердің үнемі осылай шашылып жатқанын көремін. Қоқысты уақытында жинау керек. Аптасына 1 рет қана емес, күнара жинап тұру қажет. Тіпті, күнде кешкісін келіп, алып кетсе де артықтық етпейді. Бұрын солай болды ғой. Міне, сонда ғана тазалық болады.

Қоқыс проблемасы қазір қалалық әкімдіктің де бас ауруына айналған. Жергілікті билік өкілдері бұл мәселеден қалай құтыларын білмей дал. Тіпті, ай сайын жиын өткізсе де, күрделі сұрақ әлі күнге дейін шешімін табар емес. Бүгінгі жиында да біраз мәселе талқыланды. Қоғамдық ұйым өкілдерінің сөзінше, шаһарда қоқыс салатын контейнер жетіспейді. Сол үшін бюджеттен 75 млн теңге қаржы бөліп, қосымша 500-ге жуық арнайы ыдыс қою керек. Әрі сұрыптауды да қолға алу қажет. Бірақ, бұл ұсыныс та қолдау таппайтын секілді.

Айгүл Арынова, қала әкімінің штаттан тыс кеңесшісі:

Онда бізге әр аулаға 20 контейнерге дейін қояға тура келеді. Бірақ, экологиялық жағынан да, әдемілік пен ыңғайлылық турасында да жақсы емес. Оның үстіне қоқыс алаңқайы тұрғын үйден 25 метр алыс тұру керек деген ереже бар. Сондықтан, бұған тұрғындар да қуана қоймайды деп ойлаймын.

Осылай деген жергілікті әкімдіктегілер, тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау әдісімен жинап, оны қайта өңдейтін компанияларға өткізбей, мәселе шешілмейді, - деп отыр. Сол үшін алдымен бизнес өкілдерін, сонан соң тұрғын үй кешендеріндегі меншік иелері бірлестіктерін қоқысты бұрынғыдай көрінген контейнерге лақтыра салу емес, арнайы тәртіппен шығаруға міндеттемек.

Бауыржан Ғайса, қала әкімі:

Сондықтан бизнес өкілдері мен тұрғындар сұрыпталған қоқысты алып кететін коммуналдық мекемелермен келісім-шартқа отыруы тиіс. Кім бұл тәртіпке бағынбайды, оған айыппұл салынады. Басқаша амал жоқ. Таза қалада тұрғымыз келсе, осындай жаңа ережеге бойұсынуымыз керек.

Жаңа ереже әлі күшіне енген жоқ. Ол жақында халықтың талқылауына ұсынылады. Айта кетейін, Көкшетаудың жанындағы екі бірдей тұрмыстық қалдықтар полигонының мерзімі осыдан бірнеше жыл бұрын біткен. Ал, жаңасын салу үшін қыруар қаражат керек.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Виктор Полянный