Атырауда нөсер жауыннан соң қала судан толық тазармады

Атырауда нөсер жауыннан соң қала судан толық тазармады

Тұрғындар әлі де тізеден су кешіп жүр. Біраз күн бұрын тоқтаусыз жауын жауып, қаланың біраз бөлігін су алып кеткені белгілі. Десе де содан бері ел сырттан көмек күткенімен, жоғарғы жақ та, құтқарушылар да тым-тырыс, деп хабарлайды «Хабар 24».

«Мирас» ықшам ауданының тұрғындары қазір осындай күй кешіп отыр. Зейнеткер Мұхамбетжан Баймұқанов бірнеше күннен бері сыртқа шыға алмадым, дейді. Айтуынша, коммуналдық мекеме жұмысшылары бұл ауданға келмеген.

Мұхамбетжан Баймұқанов, қала тұрғыны:

– Бүгін 3 жарым сутка болды. Әлі жоқ. Хотя бы бір сорып кетші, үйден шығайын, мына резин етіктен асып кетіп тұр дегенде, «иә, иә қазір келеді» деді, уәде тек қана. Балаларым шыға алмайды. Көтеріп шығарамыз, мына жерде кішкене ойнатып, қайта кіргіземіз. Балшыққа түсіп кетеді. Ойнайтын жер жоқ, айналасы түгел балшық.

Тұрғын үйлер қазір судың ортасында қалған. Жауаптыларға қанша хабарласқанымен, еш нәтиже болмапты.

Асланбек Шығыр, тілші:

Жауапты мекемелер қазір тек уәдемен ғана шектеліп отыр. Тұрғындар аулаларындағы суды шығара алмай, әбігерге түскен. Сыртқа шығу мұңға айналыпты. Қазір тек осындай су етікпен жүруге ғана мүмкіндік бар.

Ал жауаптылар су сору жұмыстарының жүйелі жүргізіліп жатқанын айтады. Түсіп жатқан өтініш де көп екен. Судан тазарту жұмыстары бойынша арнайы комиссия да құрылған.

Нұрислам Ғұмар, қалалық әкімдіктің баспасөз хатшысы:

– 9 мамырдан бастап 40 мың куб су шығарылды. Қалалық әкімдікке келіп жатқан өтініштер көп. Олар кезең-кезеңімен жұмыстарды жүргізіп жатыр барлық жерде де. Осы орайда су алған үйлер бойынша комиссия құрылды. Бұл жұмыстар алдағы уақытта та жалғасады.

Қазір тазарту жұмыстарына 54 техника мен 78 қызметкер жұмылдырылыпты. Бірақ әлі күнге дейін қала судан толық тазармады.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Темірлан Сұлтанғазиев, Жандос Рахметуллин