Ақтөбе облысында жеке балабақшаларға қатысты заңсыз тексерулер тоқтатылды

Ақтөбе облысында кәсіпкерлер палатасы мен прокурорлардың бірлесіп әрекет етуінен жеке балабақшаларға қатысты заңсыз тексерулер тоқтатылды. Бизнес саласының құқығы мен мүддесін қорғау үшін мобильді топтар жұмысы да жандандырылып жатыр. Қазірдің өзінде 900-ден астам кәсіпкердің өтінішіне сай тиісті шаралар атқарылған.

«Атамекен» палатасынан әрдайыма қолдау күтетін кәсіпкерлер тек биылғы жылдың алғашқы тоқсанында ұйымның жергілікті филиалына 54 өтініш түсірген. Басым бөлігін логистика мәселесі құрайды. Атап айтқанда, тауар тасымалдарумен айналысатын бизнес өкілдері шекаралық аймақтарда дизель отынының ел бойынша бағамен салыстырғанда біршама жоғары екендігіне шағымданған. Одан кейінгі орындарда агроөнеркәсіп және жер телімдерін алу проблемасы тұр.

Руслан Куйшинов, облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары:

- Жер мәселесі өзектілігін жоймай келеді. Кейде байқау арқылы алынған участоктерде де шаруаларға іс жүргізу қиын. Одан кейін тасымалдау проблемасы бар. Кәсіпкерлеріміз көрші елмен байланыс жасауда түрлі қиындықтардың пайда бола бастағанын айтады. 

Кәсіпкерлер тап болған мәселелер прокуратурамен бірлескен жұмыстардың нәтижесінде оң шешімін тауып келеді. Мәселен, тек су және жылумен қамтушы ірі монополистің негізсіз тарифті көтеруі дер кезінде анықталып, жүздеген тұтынушының құқы қорғалған. Дәл осындай шара газ беруші компанияға қатысты қолданылды. 30-дан астам балабақша заңсыз тексеруден құтылған. 

Азамат Құстанов, Ақтөбе облысы прокурорының орынбасары:

- 35 мектептік алдындағы мекемелерде өткізілген тексерулер заңсыз деп саналып, 4 қызметкер әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Білім беру саласынан басқа, салық саласынан түседі, атқару өндірісінен түседі, ішкі аудиттен түседі. Кейбіреулері өз дәлелін тапса, кейбірі мемлекеттік басқа да, өкілетті органдардың заңсыз да, заңды да  әрекеттері болып табылады.

Бұл тұрғыдағы жұмыстардың нәтижесінде 9 мыңнан астам бизнес субъектісінің құқы қорғалып, олардың пайдасына 93 млн теңге өндірілген.

Әнуарбек Мырзатайұлы, Болатбек Молдағалиев