«Көкшетау минералды сулары» зауыты шетелдік нарықтың сұранысын өтеп отыр

«Көкшетау минералды сулары» зауыты шетелдік нарықтың сұранысын өтеп отыр

Qazspirits қауымдастығының мүшесі саналатын «Көкшетау минералды сулары» зауыты өткен жылдың желтоқсан айында алғаш рет өз тауарларын Еуропалық Одаққа жөнелтті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Шетелдік нарыққа шығу үшін алдымен зауыт басшылары ұзақ әрі сапалы жұмыс жүргізгенін айтады. Біз өнімнің сапасына емес, экспортқа қатты алаңдадық. Өйткені үлкен нарыққа шығудың жолдары өте қиын болды,- дейді мамандар.

Дмитрий Жуков, Qazspirits қауымдастығының атқарушы директоры:

Жалпы әлемдік нарыққа шығу, тіпті, алып компаниялардың өзіне қиын болады. Өйткені бәсекеге қабілетті болу үшін көп нәрсені білу керек. Тауарды қайда, кімге жеткізу  керектігін түсініп, нарықтың барлық талаптарын орындауға тиіс едік.   

Дәл осы кезде қазақстандық дипломаттар көмекке келіп, кәсіпорынның еуропалық нарықты игеруіне жол ашты. Олар алдымен сыртқы нарықты  зерттеп, әлеуетті серіктестермен келіссөздер жүргізіп, сөзден іске көшті. Осылайша қазақстандық компания Еуропадағы өз орнын сенімді түрде иеленді деп айтуға толық негіз бар.

Дмитрий Жуков, Qazspirits қауымдастығының атқарушы директоры:

Расында Қазақстандық дипломаттар бізге көп көмегін тигізді. Әсіресе, Франкфурттегі Бас консул Ермұхамбет Қонысбаевқа айтар алғысымыз зор. Сол кісінің табандылығының арқасында Еуропа нарығына жол ашылды. Қазір бір ғана серіктеспен жұмыс жасап жатырмыз. Олар – Германия мен Португалия, Франция мен Испания және басқа да елдерге  тауар таситын ең ірі көтерме компания.

Аз ғана уақыт ішінде Еуропа нарығында танымалдылыққа ие болып сұраныс арта түскен.  Енді Qazspirits қауымдастығының тағы бірнеше зауыттары сыртқы нарыққа шығуды жоспарлап отыр. Олардың басты стратегиясы – ішкі нарықтан гөрі шетелге көбірек өнім жеткізу.

Авторлары: Жандос Айтбайұлы Валентин Лобанов