Павлодарда жол саласының мамандары тапшы

Айтуар Баймұратов – болашақ логист. Қалаған мамандығы бойынша университетте білім алады. Қазір жол сапасы активтері орталығында өндірістік тәжірибеден өтіп жатыр. Зертханаларда құрылыс материалдарын тексеру, сынақтан өткізумен айналысады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Айтуар Баймұратов, студент:

Жол салуда қолданылатын құрылыс материалдарының сапасын тексереміз. Мәселен асфальттың тығыздығы, беріктігін және өзге қасиеттерін байқаймыз. Теориялық білімімді тәжірибе жүзінде молайтып жатырмын. Оқуымды тәмамдаған соң мамандық бойынша жұмыс істемекпін.

Мамандардың айтуынша, саланың еңбек нарығында инженер-зертханашылар жетпейді. Күнсұлу Қабдымова бір жыл бұрын тәжірибеден өтіп, мамандық бойынша жұмысқа келді. Бүгінде инженер-зертханашы болып еңбек етеді.

Күнсұлу Қабдымова, инженер-зертханашы:

Біз асфальт-бетон қоспасы, қиыршықтас сияқты материалдарды сынақтан өткіземіз. Өңірдегі жол сапасының жақсы болуын қадағалау – басты міндетіміз. Жұмысым өзіме ұнайды. Университеттен соң осында келгеніме өкінбеймін.

Жастар тәжірибесі үшін үш жыл бұрын студенттерге тәжірибелік алаң ашылған. Заманауи зертханаларда сынақтың 150 түрі жүргізіледі. Сондай-ақ студенттерге арнайы  төлем қарастырылған. Бұл, әсіресе, ақылы негізде оқитын шәкірттер үшін жақсы ынталандыру болмақ. Соңғы жылдары ондаған студент тәжірибеден өткен.

Қуат Нұрмағамбетов, сынақ зертханасының меңгерушісі:

Өтіп жатқан студенттердің практикасы ақылы, төленеді. 70-80 мың теңге жобасында қолдарына алады. Күнделікті лабораториядағы жұмыстарды, атқарылып жатқан жұмыстардың барлығына қатысады, үйренеді және де өздері сол жұмыстарды үйренуге тырысады.

Биыл Ертіс өңірінде 400 шақырымнан астам жол жөнделеді деп жоспарланған. Науқан барысында автожол саласында маман тапшылығы туындайды. Мамандардың мәліметінше, ел бойынша жол секторына төрт мың маман қажет. Инженер, шеберлер, асфальт төсеушілер, механизаторлар жетіспейді. Мәселені шешу үшін студенттер тәжірибесінен бөлек «Екі мың мектеп» жобасы шеңберінде оқушылармен кездесіп, мамандық таңдауға бағыт беру жұмыстары жүргізілмек.

Авторлары: Ақмарал Есміханова және Марат Игіліков