БҚО-дағы Жәнібек ауданының құрылғанына 100 жыл

Талғат Серікқалиұлы, тілші:

- Ер есімі ел есінде. Ұлы отан соғысында Жәнібек майданның ең жақын тылы болды. Жәнібектегі Батырлар аллеясында қан майданда ерліктің өшпес үлгісін көрсеткен Мәншүк Мәметова, Хиуаз Доспанова, Ерденбек Ниетқалиев пен Николай Чуриков сынды қаһармандар мүсіні қойылған. Сұрапыл соғысқа аттанған жерлестер тізімі тасқа қашап жазылған.

Ал, мына мұнара талай сұрапыл шайқастың куәсі. 1942 жылдың 4 қазанында жау ұшақтары Жәнібек аспанында кезекті мәрте шабуыл ұйымдастырады. Сол күні жанармай толы цистерна жарылып, су мұнарасына айтарлықтай зақым келген. Кейін тұрғындар нысанды жөндеп, айналдыра мынадай темір белдікпен тартып тастайды. Жәнібек халқы  40 шақты әуе соққысына тойтарыс бере жүріп теміржол қатынасының үзілмеуіне үлес қосты. Ерлік даңқы өшпек емес. Биыл құрылғанына 100 жыл толатын ауданға Қаһарман атағы берілсе дейді олар. 

Самиға Қайырова, Жәнібек ауылының тұрғыны:

- Мен соғыс кезінде баламын 8-9 жасар. Біздер станцияға 7 шақырым жерде тұрдық, бомбаның астында болдық. Енді мына айтып жатқан Жәнібектен шыққан азаматтан көп біздің геройлар.  А неге бермеске? Бомбаның астында қалды, қанша үй қирады, қанша аазаматтарымыз кетті. Дұрыс айтады.

Облыс орталығынан Жәнібекке жету үшін 500 шақырым жолды еңсеру керек. Ал, ол айтуға ғана оңай. Бірнеше жыл бұрын басталған, алайда кейін түрлі себеппен тоқтап қалған жолдың жыры Жәнібек жұртының жүйкесін әбден жұқартқаны рас.

Халиолла Мұқанов, Жәнібек ауданының құрметті азаматы:

- Бұрын Жәнібектен Орал қаласына бару үшін пойыз болды, сол пойыз қатынасы тоқтады. Соңынан Волгоград-Уральск деген пойыз шықты. Сол өте қолайлы болды, арзан болды. Әуе қатынасын қалпына келтіру жөнінде ұсынстар болды, дегенмен сол ұсыныстар сол ұсыныс күйінде қалды.

Мерейтой қарсаңында шалғай ауылға белгілі өнер жұлдыздары барды. Түйткілді тұстар мен жеткен жетістіктер ақындар жырына арқау болды. Ауыл шетінде аламан бәйге ұйымдастырылды. Көпшілік аударыспақ пен көкпар сынды ұлттық ойындарды тамашалады. Боз кілемде балуандар белдесіп, ғасыр тойына жиылған аудан халқы жәрмеңкеге қатысты. 

Мұрат Мұхамбетқалиев, Жәнібек ауданының тұрғыны:

- Жәнібекке ең жетіспей тұрған жол ғой. Жолдың проблемасы. Басқа ешқандай. Басты жетістігі меніңше халықтың ауызбірілігі, тұтастығы, ұйымшылдығы, халық өте жақсы тұрады. 100 жыл өтсе де осы Жәнібекті жоймай ұстап тұрған халық қой.

Жәнібектіктер осы топырақтан түлеп ұшқан әрісі әйгілі ақын Ғұмар Қараштан бастап берісі Халима Өтеғалиева, Қапан Мусин, Мансұр Сағатов, Меруерт Өтекешева мен Айтжан Тоқтаған сынды өнер саңлақтарын мақтан тұтады. Солардың ізін жалғаған жергілікті ақын Жәнібектің ғасыр тойын былайша түйіндеді:  

Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Қанат Махмұтов, Елдар Аюпов