Оралда әуешоуы өтті

Ардагер ұшқыш Павл Коннов 73 жаста. Алайда – әлі күнге планерді тізгіндеп жүр. Ол жалпы тәжірибесінде 10 мың сағаттан астам уақыт ұшқан екен. Ғұмырын әуе спортына арнаған ол планерін әзірге тапсырғысы да жоқ, деп хабарлайды «Хабар 24».

Павел Коннов, ұшқыш-нұсқаушы:

Қазақстанда планерлік станциясы бар жалғыз аэроклуб болып қалдық. Кеңестік кезеңде біраз болған еді. Бізден шыққан түлектер қарулы күштер қатарында қызмет атқарып жүр. Біз өзіміздің тәжірибеміздің арқасында әлі де білікті шәкірттер дайындап келеміз.

Елдің батысындағы мұндай жалғыз ұйым алғашында ұшқыштар училищесіне курсанттарды дайындау базасы болды. Кейін соғыс жылдары тікелей майданға жауынгерлерді жаттықтырды. Ал одан соң планер станциясы мен парашютшілер мектебі ашылды. Мерейтойға арналған әуешоуында парашютшілер ұшақтан секіріп, шеберлігін көрсетті.

Планер станциясына мемлекеттік қолдаудың болмауына байланысты жасөспірімдерді оқыту тоқтатылған. Тек ересектерге коммерциялық бағытта қолданылады. Ал парашютшілер мектебіне балалар 14 жастан бастап қабылданады. Қазір 50 шақты спортшы жаттығып жүр.

Артур Сапашев, жас парашютші:

Аптасына үш рет сабақ болады. 2019 жылдан бері біз әрқайсысымыз парашютпен 22 рет секірдік. Алғашында қорқыныш болғаны рас. Алайда он шақты рет секірген соң, әбден үйреніп кеттім.

Еркебұлан Смадияров, тілші:

Бұл планердің басқа әуе көліктерінен ерекшелігі – бұда ешқандай мотор жоқ. Оны өзге ұшақтар аспанға көтеріп, кейін әуеде қалдырып кетеді екен. Сонда бұл техника шамамен 2,5 метрге дейін биіктікте қалқып жүре алады.

Тарихы терең спорт ұйымында шешімін күтіп тұрған мәселелер де жоқ емес. Мәселен, техникалық базасы бүгінде жаңғыртуды талап етеді. Қазақстанда 15 шақты аэроклуб бар. Ал елдің батысы бойынша тек Оралда ғана. «Санаулы спорт ұйымдарына мемлекет тарапынан қолдау көрсетілсе, жасөспірімдерге парашютпен қоса, планер тізгіндеуді үйретуге қолайлы жағдай болар еді» дейді мамандар.

Авторлары: Еркебұлан Смадияров