Алимент өндіру қоғамдағы өзекті мәселелердің біріне айналып барады

Алматыдағы 13 мың борышкердің бірі – Жақсылық Темірбаев. Ол 6 жыл бойы алимент төлемепті. Әкімшілік қамауға алынғаннан кейін тұрақты жұмысқа орналасып, ай сайын 20 мың теңгеден төлей бастапты, деп хабарлайды «Хабар 24».  

Жақсылық Темірбаев, қала тұрғыны:
Екі миллион жеті жүз мың ба жиналған ғой. Сосын келдім осы жерге прокурорлар шақырған. Келген едім аяқ астынан прокуратура екі күнге қамап тастады ғой, аяқ астынан. «Алимент төлейсің, заң солай»-деп. Сол қазіргі уақытта төлеп жатырмын бірақ.

Қала бойынша тіркелген 13 мың борышкердің жалпы берешегі 3 млрд теңгеден асады. Мысалы, Алатау ауданындағы 2200 борышкердің жартысынан астамы ғана алименттерін ерікті түрде төлейді екен. Қалғандары әлекке салады. Бала алдындағы парызын мүлдем өтемейтіндер бірінші кезекте әкімшілік, одан кейін нәтиже болмаса қылмыстық жазаға тартылады.

Ізбасар Масақбаев, Алатау ауданының прокуроры
Қазіргі уақытта прокуратура тарапынан борышкерлерге қатысты үлкен жұмыс атқарылып жатыр. Жыл басынан бері 24 борышкер әкімшілік жазаға тартылған. Оның ішінде 17-не қатысты айыппұл салынған, 7 адам әкімшілік қамауға алынған. Әкімшілік шаралардың нәтижесінде 2,3 млн теңгеден астам өтелген болатын.

Құқық қорғау органдары жауапкершілікке тартумен қатар жұмыс тауып беруге де атсалысады. Айта кететін жәйт немқұрайлы әкелердің бірі қулыққа басып жалақысын азайтып көрсетсе, енді бірі ресми түрде жұмысқа орналаспайды екен.  «Бірақ жалақы болмаса алимент төлеудің қажеті жоқ»,-деген қате пікір дейді прокуратура қызметкерлері.  

Авторлары: Аршын Кемелжан, Нұрдәулет Жақсыбаев