Польша СІМ басшысы Қазақстанға келді

ҚР Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ақан Рахметуллин Польша Сыртқы істер министрімен кездесті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Поляк дипломаты Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Іс басындағы төрағасы ретінде ресми сапармен Қазақстанға келген болатын. Соның аясында тараптар ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Бұдан бөлек, тараптар аймақтағы геосаяси шиеленістің артуына байланысты жайттарға тоқталды.

Дипломаттар алдағы жалпыхалықтық референдумды да тілге тиек етті. Осы ретте Рахметуллин Жаңа Қазақстанды құру және Екінші Республиканы қалыптастыруға бағытталған реформаларды жүзеге асырудың негізгі кезеңдерімен бөлісті.

Збигнев Рау, ЕҚЫҰ төрағасы:

- Қазақстан Президенті жариялаған реформалар адам құқықтарын қорғау, институционалдық жауапкершілік, құқықтар мен бостандықтар салаларында оң өзгеріс әкелгенін көрсетеді. Мұның бәрі Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының принциптерімен сәйкес келеді. Соның айқын бір мысалы ретінде Конституциялық өзгерістерді айтуға болады. Азаматтарға шешім қабылдау мүмкіндігінің беріліп жатқаны өте маңызды.