Ақтау жағажайында жабайы сауда қызып тұр

Самокат, ойыншық машиналарды жалға беріп отырғандар электр желісіне рұқсатсыз қосылып алған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мұндай сорақылық 14-шағын ауданда өткен рейд кезінде анықталды. Белгісіз біреулер бағанаға сым жалғап, ойын құралдарын қуаттауды әдетке айналдырған көрінеді. Бұған дейін мониторингтік топ бірнеше адамға ескерту жасап, тағы қайталаса, айыппұл салынарын ескертіпті. Бірақ оған құлақ асқан адам көрінбейді. Енді қала билігі осы аумақтың күтімін бір адамның міндетіне өткізбекші.

Ердәулет Базар, Ақтау қалалық «Кәсіпкерлік және ауылшаруашылығы» ММ сектор меңгерушісі:

– Әрі қарай да рейдтік шаралар ұйымдастыру бойынша жұмыстар жалғасады. Қала жағажайы аумағын 1 кәсіпкерге «бірыңғай концепция» арқылы ұйымдастыруы үшін берілуі жоспарланып отыр. Бұл конкурс әкімшілік арқылы немесе басқа мекеме арқылы өткізіледі ме, қазіргі таңда бұл сұрақ талқыланып жатыр.