Соры қайнаған Соркөл араша сұрайды

Соры қайнаған Соркөл араша сұрайды

Батыс Қазақстан облысындағы шипалы Соркөл кейінгі жылдары тартылып, таязданып қалды. Ал шіліңгір шілдеде көлдің күйі тіпті аянышты. Жұрт «аймақтың інжу-маржанынан біржола айырылып қаламыз ба» деп алаңдап отыр. Соркөлді құтқарып қалу мүмкін бе? 

Соркөл Жаңақала ауданының орталығында орналасқан. Бұрын елді мекен көлден екі шақырымдай қашықтықта жатқан еді. Соңғы он жылда ауыл екі есе үлкейіп, жаңа тұрғын үйлер жағалауға дейін жетіп қалды. Алайда шипалы көл кенеттен тартылып, қайта алыстап барады. 

БЛИЦ:

– Жақсы болды (бұрын). Жарға соғып тұратын еді. Қазір енді тартылып кетті ғой ол. Адамдар емге, қышыма, бөрткен шыққанда сонда барып түскенде жазылатын еді.

– Қашаннан бері су жоқ Соркөлде?

– Екі-үш жылдай болды ғой. Жарға дейін келіп су, шағала, бәрі болатын еді. Қазір қасына барып, суға түсуге де, демалуға да невозможно.

- Емдік қасиеттері бар. Мен үш жыл қатарынан түстім. Енді бір-екі жыл болды ғой, шамаланып кетті ғой суы. Тартылып кетті ғой, иә.

Көлдің балығы тайдай тулап, бақасы қойдай шулаған көрінісі тұрғындардың жадында ғана қалды. Жұрт шомылған жағалау қазір жазық дала. Суға жету үшін жардан әрі қарай жарты шақырым жаяу жүрдік.

Еркебұлан Смадияров, тілші:

– Бұрын дәл осы тұзды су мен батпақты іздеп талай науқас адам алыстан ат терлетіп келетін. Шипалы көл тері ауруларының таптырмас емі еді. Алайда дәл қазір көлдің өзіне шипа керек. Соры қайнаған Соркөл адамзаттан араша сұрайды.

Су тартылған соң тұзы шығып, желмен ұша бастады. Мұның ақыры қатерлі індетке апарып соғуы да мүмкін.

Руслан Оразалиев, аудандық мәслихат депутаты:

– Уже ана тұзы ұшып, адамдарға (зиян). Кешке қарай аппақ болып көрініп тұрады. Бұл жерде енді денсаулықты да ойлау керек. Қазір біз мамандармен келісе отырып, 30 пайыз су алсақ, сол жағасына соқтырмасақ та сол бағытта ұстағымыз келіп отыр. Сосын келесі жылға тағы судың ыңғайы болғанда тағы мөлшерде су айдау керек. Көлімізге су келсе, сол жағада туризмді дамытуға, кәсіпкерлерге жолығып, инвестиция тартып деген ой бар.

Соркөл жерасты суымен байланыспайды. Тек Жайық-Көшім суландыру жүйесі арқылы толады. Мамандардың айтуынша, биыл трансшекарааралық өзендердің жоғарғы ағысы аумағында жауын-шашын мол түсуі гидрологиялық жағдайға оң әсер еткен. Аймақтағы 4 ірі су қоймасы тола келіпті. «Енді төмендегі Көшім өзенінің бір сағасымен Соркөлге едәуір көлемде су жібереміз» дейді олар.

Төлеген Ғұмаров, "Қазсушар" РМК БҚО филиалы директорының орынбасары:

- Соркөлдің өзінің көлемі 50 млн текше метр. Енді қазір жоспар бойынша 32-35 млн текше метр су беру жоспарымызда бар. Соркөлге баратын сағасын зерттеп, сосын бірлесіп, өзегін тереңдеттік. Қазір суды бір апта болды аштық. Бір 3-4 күнде, Құдай қаласа, түседі су. Қазір жүріп жатыр жақсы. 14 куб метр секундына. 

Егер жоспарланған көлемдегі су жетсе, Соркөлдің екінші тынысы ашылары хақ. Ал өзегін байырғы қалпына толық келтіру әзірге уақыт еншісіне қалып отыр. 

Еркебұлан Смадияров, Болат Жарылғасов, Елдар Аюпов