Көкшетауда аймақ патриоттары марапатталды

Көкшетауда Мемлекеттік рәміздер күніне орай ауқымды мерекелік іс-шара өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».

«Менің Туым – Менің Қазақстаным» атты патриоттық акцияға өңір жастарымен қатар Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев қатысты. Аймақ басшысы өңірдің дамуына үлес қосып жүрген түрлі сала өкілдерін марапаттап, сый-сияпат табыстады. Патриоттық сезімге толы мерекелік шара «Жас Ұлан» балалар ұйымы қатарының толығуымен басталды. Оқуда озат 20-ға жуық оқушыға аймақ басшысы көк галстуктарын өз қолымен тағып, жеткіншектерге сәттілік тіледі. Балалар да өз кезегінде салтанатты түрде ант берді.

Ермек Маржықпаев, облыс әкімі:

Біз қазір балаларымызға көп көңіл бөлуіміз керек. Олардың рухани дамып, білім мен спортты мықты меңгеруіне мән беруіміз қажет. Себебі олар – еліміздің болашағы.

Жиында аймақтың дамуына сүбелі үлес қосып жүрген сан саланың өкілдері де марапатталды. Олардың бірі кешегі пандемия кезінде ерен ерлігімен түскен дәрігер болса, тағы бірі ұлағатты ұстаз, ержүрек құтқарушы, жалынды жастар мен даңқты спортшылар да сый-құрметке бөленді. Ал жақында Бразилияда өткен сурдолимпиаданың қола жүлдегері Алдияр Балташевқа жаңа пәтердің сертификаты табысталды.

Ерсана Қапаров, «Мерген» спорт клубының жаттықтырушысы:

– Біз мұхит асып, Бразилия еліне барғанда бізге аса сезілді, біздің көк туымызды көтеру бізге міндет екені. Жеңіске негізі жетелейтін ол патриоттық. Физикалық дайындықтан бөлек рухани да сондай бір күш-жігер қажет екеніне көзіміз жетті.

Патриоттық акция мерекелік концертке ұласты. Айта кету керек, рәміздер күніне орай Ақмола облысында 1 жарым мыңға жуық іс-шара өткізілмек.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Виктор Полянный