Конституциялық кеңеске енді жекелеген азаматтар өтініш бере алады – Сенат депутаты

Референдумды қолдау жөніндегі республикалық штаб мүшелері бүгін Өскеменде өңірдің іскер әйелдерімен жүздесті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Еркін әңгіме форматында өткен кездесуде еліміздің Ата заңына енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар талқыланды. Елордадан арнайы келген сарапшылар Ата заңға енгізілетін өзгерістердің заңнамалық негіздеріне көбірек тоқталды. Себебі заң түзелмей қоғам да түзелмейді.

Ләззат Сүлеймен, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

– Қазір соттарға да, Парламентке де адам құқықтарының бұзылуы бойынша арыз-шағым өте көп түседі. Сондықтан жекелеген азаматтардың конституциялық құқықтарын сақтау мәселесіне көңіл бөлініп отыр. Бұрын конституциялық кеңеске тек қана мемлекеттік институттар ғана шағымданса, қазір жекелеген азаматтар өтініш бере алады.

Жергілікті заңгерлер де өзгерістердің барлығы Мемлекет басшысының «Еститін мемлекет» қағидасына дәл келетінін, қарапайым азаматтардың мүддесін қорғауға негізделгенін айтады.

Гүлмира Байркенова, заң ғылымының кандидаты:

– Жалпы бұл жаңа Қазақстан екінші республика құрудың бірінші қадамы деп санауға болады. Өйткені конституцияға енгізілетін өзгерістер халықтың билікке қатысуын кеңейтеді. Екіншіден, супер президенттік модельден классикалық модельге көшуге жол ашады.

Конституцияға ұсынылған барлық түзетулерге қатысты негізгі шешімді халық қабылдайды. Референдум сәтімен өтсе, 33 бапқа 56 түзету енгізіледі.

Авторлары: Азамат Қасым, Дмитрий Пыхтин