Esquire Picnic шеруі басталды

Esquire Picnic Республика бойынша шеруін бастады. Шараның негізгі мақсаты – тұрғындарды табиғатты аялауға шақыру. Сондықтан ашық аспан астындағы демалыс алдында блогерлер, тик-токерлер мен танымал адамдардың қатысуымен сенбілік өтеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мысалы, өткен айда есімдері елген таныс жүзден астам адам Шымбұлақтың баурайын қоқыстан тазартыпты.

Диана Снегина, «Partners Media Group» баспа үйінің PR директоры:
- Біздің мақсатымыз – ғаламдық экологиялық проблемаларға адамдардың назарын аудару. Оның ішінде біздің Қазақстандағы экологиялық мәселелер бар. Мысалы, итбалықтардың, қоқиқаздардың жаппай өлуі, көлдердің суалуы, жартастардағы шимай-шатпақ жазулар ойландырады. Табиғатқа зиян келтіруді тоқтату керек.

Дәстүрге айналған Esquire Picnic алматылықтар үшін табиғат аясындағы еркін демалысымен есте қалады. Ашық аспан астындағы концерттік бағдарлама мен сайқымазақтар ойыны қаланың шуынан бір сәт арылуға мүмкіндік береді. Өйткені, Esquire Picnic отбасылық демалысқа, достардың басқосуына арналған.

Данияр Өтеген, әнші:
- Осындай қалалық шаралар соңғы кездерде көп өтіп жатыр. Мен соған өте қатты қуанамын. Себебі, жалпы алматылықтар өздеріңіз білесіздер осындай жиналғанды жақсы көреді. Екі жыл карантинде отырдық, жиналуға тыйым салынған болатын. Сондықтан енді шынымен де бүгін қарасаң бүкіл Алматы жүрген сияқты осы жерде.

Дәстүрге айналған «Esquire пикник» еліміздің бірнеше өңірінде жалғасады. Ашық аспан астындағы демалыс енді 4 рет ұйымдастырылмақ. 26 маусым күні Шымкентте жалғасып, әріқарай Ақтау мен Нұр-Сұлтаннан кейін Алматыда тәмамдалады. 

Авторлары: Аршын Кемелжан, Валентин Лобанов