Онлайн платформаларда жұмыс істейтіндер енді әлеуметтік кепілдік алады

Онлайн платформаларда жұмыс істейтіндер енді әлеуметтік кепілдік алады

Қазір елде шамамен 500 мыңға жуық адам осы салада еңбек етеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бірі такси жүргізсе, енді бірі курьер болып нәпақа табады. Алайда жұмыссыз қалса немесе жүктілігіне байланысты уақытша жұмысын тоқтатса, әлеуметтік төлемнен қағылады. Мәселені реттеу үшін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі онлайн платформалардың негізгі операторларымен келісімге келді. Уағдаластықтың нәтижесінде осы салада еңбек ететіндер әлеуметтік қамсыздандыру жүйесіне қосылатын болды. Ол үшін келер айдан бастап арнайы пилоттық жоба жұмысын бастайды.

Тамара Дүйсенова ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:

– Биылғы жылдың соңына дейін пилоттық түрде қазіргі ыңғайландырылған салық төлеу, ыңғайландырылған әлеуметтік төлемдерді төлеу мәселесін пилоттық жүйеде жүргізейік деп. Жыл соңына қарай әр платформаның спецификасына байланысты жаңа ұсыныстарды дайындаймыз. Жыл соңына қарай заңға өзгерістер енгізілетін болады. Жалпы бірден айтайын, біздің жасап жатқан өзгерістеріміз бүгінгі ыңғайлы жағдайға еш кедергі келтірмейді. Қазір қалай жұмыс істеп жүрген болса, солай жұмыс істейді.