Ұлытау облысы: бүгіні мен болашағы

1997 жылдың 3 мамыры. Дәл осы күні бұрынғы Жезқазған облысы ресми Қарағанды облысының құрамына кірген. Ал, бүгін ресми Ұлытау облысы пайда болды. Бұл осы өңір тұрғындарының көптен күткен арманы еді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жергілікті халықта өзгерістен оң нәтиже күтеді. Қай-қайсы болмасын өзіндік түйіні бар. Облыс әкімі бірінші соны шешсе дейді.

Дәуренбек Бағдәулетұлы, тілші:

Расына келсек, Жезқазған ерекше қала, соған сай тұрғындарының да бір ерекшелігі байқалады. Мысалы олардың біздегі үлкен қалалардағыдай ағыл-тегіл асығып жүргенін көрмейсің. Дәл әкімдіктің алдында қарапайым адамдардың бейғам демалып жүргенін кез-келген қаладан көре бермейтінің хақ.  Ұлытау облыс орталығы болады деп 16-шы наурыз күні айтылғаннан кейін мұнда инфрақұрылымдық, жол жөндеу мәселелері бойынша жұмыстар қызу басталып кеткен. Тұрғындардың көзіне ерекше түсіп тұрғаны ол мына тәуелсіздік монументі. 2015-ші жылы салынған монумент біраз уақыт жөнделмей  тоз-тозы шыққан. Соғы бірнеше айда қызу жөнделіп жатқанын анық байқауға болады.

- Бұрынғыдай ауруханалар дұрысталады, ешкім Қарағандыға қарай сабылмайды пойызбен. Темір жол, автобус жақсы жүретін шығар облыс болса. Басқа қалалармен де жақсы қатынас орнайды деп ойлаймын.

-Әке-шешеміздің айтуы бойынша ең таза, ең көркем қала болған дейді. Енді  инфрақұрылым, құрылыс жағынан жанданады деп ойлаймын. Ең бастысы сол ғой, жол мен білім сосын денсаулық жағына қарайды деп ойлаймын. Басқа өзгерістерді уақыт көрсетеді.

Қарағанды облысының құрамында болған 25 жыл өңірдің әдебиеті мен мәдениетіне де өз әсерін тигізді. Ақын – жазушылар ортадан шеттетіліп қалдық дейді. Ал, қолынан іс келетін жастар басқа қалаларға кетіп қалып отырған.

Ғазиз Ештанаев, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі:

- Қаланың өзінде жүдеу процесі болды. Біз мына сары даладағы оқшауланып тұрған қала болып қалдық. Қанша қала мәртебесі болсада, облыста болып жатқан үлкен оқиғалардан кейде бейхабар болып қалатын тұстарымыз бар. Мәдени іс-шараларға белсене араласу мүмкіндіктері болмай жатады. Облыстық деңгейде үлкен фестивалдер, Алматы жақтан керемет қаламгерлер келіп осы жақта  рухани жағынан, мәдени жағынан дүркіреген оқиғалар болып жататын. Солардың бәрі сап тиылды.

 

Қазір Ұлытау облысынан 12 мәслихат депутаты жасақталды. Соның бірі Бауыржан Шыңғысов. Ол тек бюджетті бекітуге емес, болашақ әкіммен бірлесіп жұмыс істеуге ниетті. Себебі жас облыста проблема да аз емес екенін мойындау керек дейді ол.

Бауыржан Шыңғысов, Ұлытау облыстық мәслихатының депутаты:

- Қазіргі уақытта ең басты проблема ол Жезқазған қаласы тұрғындарын таза ауыз сумен қамту. Екінші мәселесі – экология мәселесі осында қазір 4 министрліктен комиссия келіп зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Жезқазған төңірегінде бүкіл Менделеев таблицасы бар.

Қазір мемлекеттік органдарды орналастыру бойынша мемлекеттік комиссия құрылған. Жоспарға сай облыс әкімдігі бұрынғы қала әкімдігінің ғимаратына қоныстанып, алдағы 3 жылда жаңа ғимаратқа көшеді. Биыл жобалық – сметалық құжат жасақталса, алдағы 3 жылда жоспар жүзеге асады. Қазір облыс орталығына ағылып жатқандарға да жаңа үйлер салынады.

Нұржан Орынбаев, Мемлекеттік органдарды орналастыру бойынша комиссия төрағасы:

– Жезқазған қаласының батыс тұрғын үй аумағында жаңа қалалық әкімшілік орналасатын болады. Онда 7 ғимарат салынады деп жоспарланған. Сондай-ақ Жезқазғанға көшіп барып тұратын мемлекеттік қызметкерлерге 162 мың шаршы метр тұрғын үй салу керек. Сондай-ақ 31 млрд.теңге сомасында инженерлік инфрақұрылым тарту керек болады.

Осылайша тұрғын-үй құрылысына шамамен 50 млрд.теңге,  әкімшілік ғимараттарға 13,7 млрд.теңге инженерлік инфрақұрылымды дамытуға 31 млрд.теңге қаржы керек. Қазір қанша бюджет қызметкері баратыны белгісіз, себебі штат лимиті үкімет қаулысына сай жасақталатын болады.

Дәуренбек Бағдәулетұлы, тілші:

- Жезқазған қаласының кіреберісі. Бүгіннен бастап тұсауы кесілген Ұлытау облысының орталығы осы қала. 90 мыңға жуық тұрғыны бар бұл қаланың өндірістік әлуетін алмағанда туристік потенциалыда бар дейді мамандар. Тек оны ұтымды пайдалана білу керек. Осыған дейін облыс орталығынан қашықтықта жатқан бұл қаланың инфрақұрылымдық мәселесінің тоз-тозы шыққаны айтпасада түсінікті. Деседе жақсылыққа сенетін жергілікті тұрғындар облыс орталығы болғаннан кейін жеке инвестициялар тартылып, қаншама мәселенің түйіні табыларына сеніммен қарайды.

Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков, Зарина Зұлпхар