Тікұшақ тізгіндейтін болашақ ұшқыштар Өскеменде тәжірибеден өтіп жатыр

Тікұшақ тізгіндейтін болашақ ұшқыштар Өскеменде тәжірибеден өтіп жатыр

Азаматтық авиация академиясының бір топ студенті «Ми-8» тікұшағымен таулы өңірде, қолайсыз ауа райында ұшудың қыр-сырын меңгеруде, деп хабарлайды «Хабар 24».

Болашақ ұшқыштардың шығысты таңдауы бекер емес. Өйткені өңірдің таулы-тасты, ойлы-қырлы табиғаты жаттығуға қолайлы. Ең бастысы санитарлық авиацияның кәнігі мамандары осында. Андрей Будников өмірінің 10 мың сағатын әуеде өткізген. Ұшпаған тікұшағы аз. Қиын жағдайға тап болған жандарға қыстың суығы, жаздың ыстығына қарамай, көмекке асығатын тәжірибелі ұшқыш бұл салада түйіні тарқамаған мәселе көп дейді. Соның бірі – жас мамандардың жетіспеушілігі. Мәселен, Өскемендегі әуе жасағының 15 ұшқышының алтауы зейнетке кетуге әзірленіп отыр.

Андрей Будников, ШҚО авиация бөлімшесінің  ұшқыш-инструкторы:

– Біздің орнымызды басатын жастардың қатары аз. Елімізде тікұшақ ұшқыштары тапшы. Тоқсаныншы жылдардағы қиын кезеңде ұрпақ сабақтастығы үзілді. Ұшқыштардың жұмысы қанша күрделі, қанша қауіпті болса да ел қатарлы 63 жаста зейнетке шығады. Сондықтан осындай талапты жастардың осы салаға қызығушылық танытқаны қуантады. Біз білгенімізді үйретуге әркез әзірміз. 

Биыл тікұшақтың қыр-сырын үйренуге Азаматтық авиация академиясының 6 студенті келіпті. 

Шыңғысхан Есімханов, Азаматтық авиация академиясының студенті:

– Біз мұнда таудағы жағдаймен ұшуды үйреніп жатырмыз. Қалай қону керек, желді қалай анықтау керек? Қалай шұғыл көмек көрсету керек? Сонымен бірге өрт сөндіру жағдайын да үйреніп жатырмыз осында.

Ғали Санжар, Азаматтық авиация академиясының студенті:

– Қазір енді қалғаны бір жарым сағат емтихандық ұшу. Енді өзімізді көрсету керек. Инструкторларымыздың бізге үйреткен нәрселерінің бәрін. 

Шығыста шеберліктерін шыңдап жатқан жастардың қазіргі ойы – сынақтан сүрінбей өту. Әрқайсының арманы – санитарлық авиация саласында адал қызмет ету. 

Авторлары: Азамат Қасым, Дмитрий Пыхтин