Қарағандыда жастар ипотекасы іске қосылды

Қарағанды қаласында жастар ипотекасы іске қосылды. Бағдарлама аясында 35 жасқа дейінгі қала тұрғындары «5-10-20» қағидаты бойынша баспана алу бағдарламасына қатыса алады. Бірақ басымдық тұрақты жұмысы бар, отбасылы, баласы барларға беріледі. Еске салсақ, осыдан біраз уақыт бұрын өңірде осыған ұқсас талаппен кеншілер ипотекасы бастау алған.

Қасымхан Ғалым облыстық газеттің тілшісі. Журналистердің не әлеуметтік бағдарламаға, не мемлекеттік бағдарламаға кіре алмайтынын жазып, талай бастама көтерген. Өзі де досымен бірге баспана жалдап тұрып келеді. Ендігі жерде жастар ипотекасына қатысып, бақ сынап көруге ниетті. 

Қасымхан Ғалым, журналист:

- Бұл үлкен мүмкіндік. Және Қарағанды жастары деп аталатын осы бағдарлама тізіміне БАҚ өкілдерінің де кіргеніне әріптестерім үшін қуаныштымын. Талаптарына, шарттарына сай келіп тұрмын, енді Алла қаласа жақсы жаңалық күтемін.  

Бағдарламаға денсаулық сақтау, білім беру, спорт, БАҚ пен мәдениет өкілдері және ЖОО ұстаздары қатыса алады. Оларды арнайы құрылған комиссия іріктейді. Мәселен, жұмыс істеген әр жылына 2 балдан, әр балаға тағы 2 балдан беріледі. Нәтижесінде балы жоғарылардың мүмкіндігі мол болмақ. Қарыз сомасы 20 миллион теңгеден аспауы тиіс. 

Біржан Әлімжанов, Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысы:

- Бағдарлама негізінен 2 мақсатты қамтиды. Біріншісі жалпы жастарға тұрғын үй қолжетімділігін қамтамасыз ету. Екіншісі жас білікті мамандардың өңірде тұрақтануына жағдай жасау. Бағдарлама талаптарына сай бастапқы жарна 10 пайыз, несиенің жылдық мөлшерлемесі 5 пайыз, және 19 жылға дейін несиені рәсімдеуге мүмкіндіктері бар. 

Ипотекалық бағдарламаға облыстық әкімдік 1 миллиард теңге құйса, серіктес банк 500 миллион теңге құйған. Нәтижесінде биыл 70-тен астам жас отбасы баспаналы болады. Бағдарлама тиімділігін байқатса, бюджетің мүмкіндігіне сай алдағы жылдары да жалғастыру жоспарланып отыр.

Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков, Зарина Зұлпхар