Павлодар облысында Қымызмұрындық мерекесі тойланып жатыр. LIVE

Өңірдегі Шарбақты ауданында алғашы рет Қымызмұрындық мерекесі тойлануда, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ресейдің Алтай өлкесімен шектесетін өңірде қазақы салт-дәстүрлерге ерекше көңіл бөліне бастаған. Ертеде Қымызмұрындық тойы малдың аузы көкке тиіп, бие құлыны қарақұлақтанған кезде басталып, қан жайлауда жаз бойы жалғасқан деседі. Арна тілшісі Қарлығаш Қасиетова тікелей байланықта шығып, мерекенің өту барысын баяндады.

Қарлығаш Қасиетова, тілші:

Қымызмұрындық мерекесі Шалдайдың қарағайлы орман алқабында өтіп жатыр. Дүбірлі думанға Шарбақты ауданына кіретін 7 ауылдық округ тұрғындары мен көрші Аққулы және Успенка аудандарынан қонақтар шақырылған. Мерекені өткізуге Ертіс орманы табиғи резерваты да атсалысуда. Бұл пандемиядан кейін ауылдық жерде болып жатқан алғашқы ауқымда шара. Халықтың жүзіне қарап той-думанды сағынып қалғанын көруге болады. Алыс-жақыннан келген меймандардың арасында 72 жастағы марафоншы Сәрсенбай Қотырашов ағамыз да бар екен. Ұлытау облысынан бастау алған жорық барысында бүкіл Қазақстанды жаяу аралап шықққан жиһанкез Павлодар облысына табан тіреді. Салауатты өмір салтын насихаттап жүрген зейнеткер Қымызмұрындық мерекесінің құрметті қонағы болып жатыр.

Қымызмұрындыққа келген жұртшылыққа 500 литрдей қымыз таратылды. Жағалай тігілген ақшаңқан киіз үйлерде ұлттық тағамдарға толы дастархан жайылған. Ал ақ жаулықты аналар табиғат аясында жас келіндерге бие сауып,  қымыз пісуді, ұлттық тағамдарды әзірлеуді, табақ тартуды үйретіп жатыр. Жалпы біз жылқы малын төрт түліктің төресі деп ерекше әспеттейміз. Кейбір тарихи деректерде қымыздың 6 мың жылдық тарихы бар екені айтылады. Біздің заманымызға дейін құндылығын жоймай келе жатқан ұлттық сусынның қандай құпиясы болуы мүмкін? Ол туралы қымыздың тарихын зерттеп, бірнеше кітаптың авторы атанған, Ұлытау облысынан арнайы келген Бақтияр Қожахметовтен білсек.

Қымызмұрындық мерекесіне қатысушылар сонымен қатар Шарбақты ауданының орман алқабында өсетін дәрілік шөптердің көрмесін тамашалап, ұлттық ойындарға қатысты. Ол – қой қырқу, жілік сындыру, асық ату, палуан күрес, арқан тарту, теңге алу, аударыспақ сайыстары. Ал шамамен 10 шақырым жерде аламан бәйге басталды. Ат жарысы 7 және 15 шақырымдық қашықтықта өтеді.