Елордада ояу науқастың миына күрделі операция жасалды

Отандық дәрігерлер миға күрделі операция жасады, яғни есін толық біліп жатқан адамның басындағы ісікті наркоз салмай сылып тастады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мұндай медициналық ем-дом өте сирек қолданылады. Ауру айтып келмейді. Елена миында ісік барын бір ай бұрын ғана біліпті. Соңғы кезде тілі күрмеліп, ойын жинақтай алмай, сөздерін ұмытып қала берген. Дәрігерлер оның дертіне тек операция дауа болатынын айтқан. 64 жастағы науқас Ақмола облысынан бірден нейрохирургия ғылыми орталығына келді. Операция столына жатқанымен, есін біліп, дәрігерлердің сұрағына жауап қатып жатыр.

Нейрохирургтер бұл күрделі операцияға төселіп алған. Себебі бұған дейін дәл осындай 20-дан астам операция жасалған. Десе де, науқастың миындағы ісік оның сөйлеу қабылетіне тікелей бағынатын тұсында орналасқан. Сондықтан оны ұйықтатпай, өзін қалай сезініп жатқанын сұрап отырады.

Айдос Молдабеков, нейрохирург дәрігер:

– Бұл өте сирек жасалатын операция түрі. Өйткені қатаң түрде көрсетілімдер болу керек. Өйткені науқасқа психологиялық тұрғыда үлкен күш түседі. Науқас бәрін есін біліп жатады. Біз жергілікті жансыздандыру арқылы бастағы потологиялық ошақты алып тастауға тырысамыз. Бұл тек мамандардың командалық  қатысуымен жасалатын операция.

Басқа емес, миға наркозсыз жасалып жатқан операцияны біздің түсірілім тобы да көзбен көрді. Дәрігерлердің жұмысын сырттан бақылап тұр едік, қатарға логопед маман қосылды. Сөйтсек, ол дәрігерлер науқастың дәл миындағы ісікті алып жатқанда сөйлетіп, тілінің күрмеліп кетпеуін, суреттерді көрсету арқылы тану қабілетін тексеріп тұруға міндетті екен.

Ісіктің микрохирургиялық жолмен толық жойылуы шамамен екі сағатқа созылды. Бір-бірін айқын ұғынған кәсіби шеберліктері жоғары мамандар тобы операцияны сәтті өткізді. Дәрігерлер қазір Елена өзін жақсы сезінетінін айтты. Мұндай операция әзірге тек елімізде осы орталықта жасалады. Нейрохирургтардың айтуынша, науқастың есін сақтай отырып жасалатын операция тек мұқият дайындықтан кейін ғана жасалады.

Авторлары: Айнұр Қуатқызы, Ырыстанбек Оспанов