Жетісу облысы Сарқан қаласында қараусыз жатқан аумақ саябаққа айналды

Жетісу облысы Сарқан қаласында қараусыз жатқан аумақ саябаққа айналды

Жетісу облысының Сарқан қаласында қараусыз жатқан аумақ абаттандырылып саябаққа айналды. Жергілікті бюджеттен 85 млн теңге бөлінді. Қаржыға футбол алаңы, жаттығу құрылғылары орнатылып, жарықтандыру жұмысы жүргізілді. Балалар жылы аясында жүзеге асқан жоба жайлы тілші тарқатады.

Сарқан өзенінің бойын бұрын қалың шөп басып жататын. Сол себепті жергілікті тұрғындар мұнда келе бермейтін еді. Ескірген көпір жөнделіп, серуендейтін жол салынып, жарықтандырылған соң аумақ көпшіліктің тынығатын сүйікті орнына айналды.

БЛИЦ:

- Басқаша болатын ғой жолдардың бәрі әдемі ғып жасап қойыпты. Өте жақсы ризамыз. Балаларымызды демалтуға алып келе жатырмыз.

- Қоқыс шашылып жататын. Арамшөп басып жататын. Қазір жарық бәрі жақсы. Балалар ойнайды. Өзіміз де қыдырып жүреміз.

- Осы жерде ойнаймыз ғой. Парк ұнайды, поля ұнайды.

Саябақтың ашылуымен сауда саттық орыны және балаларға арналған көліктерді, велосипедтерді жалға беретіндер мен түрлі қызмет көрсету орындары жұмысын бастады. Осылайша жергілікті тұрғындар өзін өзі жұмыспен қамтып отыр. 

Тілеубек Жұматөре, кәсіпкер:

- Батут әкелдім балаларға. Сауда саттықтарымыз бар. Кешкісін ойыншықтар сатамыз балаларға. Орындықтар қойып, шашлык пісіріп жатырмыз. Солардың бәрін жүргізіп жатырмыз.

Бала шағасымен серуендеуге келетіндердің көптігінен парк аумағын ұлғайту жоспарланып отыр. Бүлдіршіндерге арналған қосымша ойын алаңын салып, өзге де құрылғыларды орнату қарастырылған.      

Амантай Орынбеков, Сарқан қаласының әкімі:

- Оған қосымша Сарқан қаласының әр аудандарында үш жерге балалар ойнайтын алаң, спорт алаңдарымен бірге салынады. Бұған қоса екі мектептің алаңы заманауи үлгіде жаңартылады.

Балалар жылы аясында аудандағы Көкөзек, Қарабөгет, Алмалы сынды жеті ауылда ойын алаңы салынады. Сол арқылы аймақтағы балалар мен жасөспірімдердің спортпен шұғылдануына жағдай жасалмақ. 

Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев