Астана қаржы орталығының соты 150 істі қарады

Астана қаржы орталығының соты 150 істі қарады

Жыл басынан бері Астана қаржы орталығының соты мен халықаралық төрелік орталығы 150-ден аса істі қарады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сот аппараты жетекшісінің сөзіне сай, оларға көбіне инвесторлар мен жергілікті компаниялар коммерциялық істерді қарау үшін жүгінеді екен. Жерге, қаржыға қатысты мәселелер, сондай-ақ құрылыс саласы мен еңбек қатынастары жайлы да істер сот қарауына түскен. Бұл жайында бүгін елордада өткен ұйым отырысында айтылды.

Айта кетейік, Астана қаржы орталығының соты мен халықаралық төрелік орталығы елімізде 2018 жылы жұмысын бастаған. Оның көмегімен бүгінге дейін Еуразиялық аймақ, Ресей, Үндістан, Қытай, Ұлыбритания және Еуроодақ елдерінің инвесторлары мен компанияларына қатысты мыңнан аса коммерциялық дау-дамай тиімді реттелді. Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астана қаржы орталығын басқару жөніндегі кеңес отырысын өткізеді.