Artsport: үйірмелерге бөлінетін қаржы қадағаланады

Балаларға арналған тегін шығармашылық және спорттық үйірмелерге мемлекеттен бөлінетін қаражат жіті қадағаланады. Бұл туралы бүгін Алматыда зиялы қауыммен кездесуі барысында Үкімет басшысының орынбасары Ералы Тоғжанов айтты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Вице-премьер бірнеше нысанды аралап, Алматыда эпидахуалды жақсарту бойынша тиісті шараларды қолға алуды тапсырды. Премьер-министрдің орынбасары іссапарын қаладағы эпидахуалмен танысудан бастады. Ковид-19 алғаш тіркелгеннен бері Алматыда 239 мыңнан астам адам коронавирус инфекциясын жұқтырған. Көктемде саябырсыған еді. Алайда маусым айының ортасынан бастап қайта жиілей бастағаны байқалады. Қазір 87 науқас ауруханада емделіп жатыр, оның ішінде екі адам жансақтау бөлімінде. Ералы Тоғжанов аурудың алдын алу шараларын күшейтуді тапсырды.

Ералы Тоғжанов, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:

– Ауырған азаматтардың 90 проценті жеңіл түрде өтіп жатыр, сондықтан біз оның бәрін ескеріп отырмыз. Бірақ дегенмен де қазақша айтқанда сақтықта қорлық жоқ дейді. Сақтану керек. Ауырғандардың 85 проценті вакциналаудың уақыты өтіп кеткен азаматтар. Не вакцина алмаған азаматтар. Сондықтан осы вакцинаны қайтадан қабылдау керек.

Өткен жылы елімізде балаларды спорт пен шығармашылыққа баулитын тегін үйірмелер ашылғаны белгілі. Бірақ ата-аналар мен балалардың бұл қуанышы ұзаққа созылмады. Кейбір өңірде қаражат тоқтап, салмақ ата-ананың қалтасына түсті. Ал бірқатар қызмет көрсетуші ұйым үйірмеге қатысады деп жалған тізім жасап, Үкіметтің ақшасын жымқырған. Қазір комиссия құрылып, істің ақ-қарасын анықтауда. Ал үйірмелердің тарифын енді Үкімет қадағалайды.

Ералы Тоғжанов, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:

– Біріншіден, олардың бәрін тексеріп жатырмыз. Тариф деген әңгімені айтады. Тарифты бәрін есептеу керек. Шымкент бойынша деректердің бәрі шығып жатыр 20 пайызға дейін ол жерде деректер сәйкес келмейді. 20 пайыз балалар далада қалып қойған, қағаз жүзінде олар өтті деп жазылған. Қайда ол балалардың бәрі? Ақшаның айналасында балалардың мәселесін ұмытып кетті көбі. Оның бәрін құқық қорғау органдары тексеріп жатыр.

Үкімет басшысының орынбасары «Шыңға өрлеу» әлеуметтік клубын аралап, жұмысымен танысты. Сондай-ақ Әлеуметтік қызмет көрсету үйінде болды. Бір терезе қағидатымен жұмыс істейтін нысанда тұрғындар 700-ге тарта қызмет түрін ала алады. Ералы Тоғжанов, «Алатау» арнаулы әлеуметтік мекемесінің маңызына тоқталды. Мұнда қазір 154 адам ем алуда.

Гүлмира Сейсенбаева, «Алатау» арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының дәрігері:

– Бірінші кезекте емдік қолдау көрсетеміз. Сал ауруына шалдыққан балалардың түрлі асқынуларын емдейміз. Сондай-ақ мұнда емдеу ғана емес, науқастарды әлеуметтік оңалтауға көңіл бөлеміз. Еңбек терапиясы, сауықтыру шаралары бар.

Өнер мен мәдениет саласында тер төгіп жүрген зиялы қауым да өз ойларын жеткізді. «Алатау» дәстүрлі өнер театры Ұлттық статус сұраса, «Сазген сазы» ансамблінің жетекшісі өнер ұжымының табан тірер тұрағы жоқ екенін айтты. Ералы Тоғжанов, мәселе шешімін табады деді. Ал табыстың көзі, идеологияның қаруы отандық киноиндустрияның мәселесі де ерекше маңызға ие. 

Рүстем Әбдірашев, кинорежиссер:

Біз 30 жылдың ішінде кинопрокатты жоғалтып алдық. Бүкіл кинотеатрлар жекеменшік компанияларға сатылып кетті. Голливудтан әкелген кезде ең тиімді уақытқа қояды да бүкіл ақшаны қаражатты жинап алады. Қазақ киносы ыңғайсыз уақытта тұрады. Киноның прокаты арқылы ақша жинау үлкен мәселе, оны шешу керек.

Алматы – жастар қаласы. Мегаполисте 40-қа жуық жоғары оқу орны бар. Премьер-министрдің орынбасары қала жастарымен кездесіп, пікірлерін тыңдады. Кездесу барысында жастардың өздері ұсынып отырған ғылым мен білімге баулитын жаңа инновациялық бағдарламаларды жүзеге асыру барысы талқыланды. Олардың қатарында «Тілдер саябағы», «Жылжымалы ауыл кітапханасы», «Цифрлық мамандық нұсқаушы», «Креативті экононимика» сияқты бірнеше жоба бар. Оның бірқатары қазірдің өзінде нәтижесін беріп жатыр. Ералы Тоғжанов мұндай игі бастамаларға мемлекет тарапынан қолдау болатындығын жеткізді.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Қарлығаш Қайыпбекова, Валентин Лобанов, Радик Жакупов