Петропавлдағы еңбекшіл жанның ұстанымы тепсе темір үзетіндерге үлгі

Петропавлда бірінші топтағы мүгедек ағаш өңдеу өнерін кәсіпке айналдырды. Сергей Сапко түрлі кәдесыйлардан бастап асүйге қажет қасық, оқтау секілді бұйымдарды жасайды. Тағдыр тәлкегіне түссе де жігері құм болмаған жан.

Сергей Сапконың қолына түскен кез келген ағаш әп–сәтте көздің жауын алатын бұйымға айналып шыға келеді. Қазір ол кезекті оқтауын жасауға кірісіп кетті.

«Ешкім кедергі келтірмесе бір сағатта істеп боламын», - дейді шебер.

Сергей Сапко, қала тұрғыны:

- Бәрі адамның өзіне байланысты деп ойлаймын. Жай жатқаннан еңбек етіп, ақша тапқан дұрыс қой. Бұл өмірде біреуге сеніп, алақан жаюға болмайды.

Шамиль Резванов та жамбас буынын сындырып, арбаға таңылды. Бірақ еңсесін түсірген жоқ. Қазір үйінде тәпішке, мәсі, ұлтарақтың түр–түрін жасап аздап пайда табады.

«Екінші жағынан ермек», - дейді тігінші. 

Шамиль Резванов, қала тұрғыны:

- Қазір адамдардың жұмыс істегісі жоқ. Әсіресе жастар жағы бірден миллиондап тапқылары келеді. Ондай болмайды ғой. Еңбектену керек. 

Мүмкіндігі шектеулі жандардың өмірлік ұстанымы он екі мүшесі сау адамдарға үлгі.

Олардың айтуынша, еңбек етсең міндетті түрде табысқа жетесің! 

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Төлеген Иманов