Маңғыстау облысында тұрғындардың шағымы ескерусіз қалмайды

Маңғыстау облысы әкімдігінің telegram-парақшасына 11 мыңдай адам тіркелген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл жерде тұрғындар кез келген тақырыпта көкейтесті сұрағын қоя алады. Күніне 50-ге жуық өтініш қабылданып, сол салаға жауапты мекемеге жедел түрде жолданады. Жауабы сұрақтың мазмұнына қарай 2 жұмыс күні ішінде беріледі. Мұнда жарнамалық ақпарат таратуға тыйым салынған.

Аида Садатқызы, облыс әкімінің аппараты «қоғамдық коммуникациялар орталығы» МКК басшысы:

- Өңір халқын көптен бері толғандырған кейбір мәселелер тез арада оң шешімін тапты. Мәселен 19-шағын аудан тұрғындары заңсыз қоқыс алаңдарының көбейгенін айтып, шағымданды. Қала әкімдігіне жедел жолдадық. 3 күнде әлгі аумақтан тұрмыстық қатты қалдықтар 44 жүк көлігімен шығарылды.

Өңір халқының өзекті мәселелерін шешуге бағытталған telegram-парақша аймақ әкімі Нұрлан Ноғаевтың тапсырмасымен өткен жылдың қыркүйек айында іске қосылды. Халық жолдаған жазбаша сауалдар көбіне-көп тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы мен жұмыссыздық саласын қамтиды.  

Аида Садатқызы, облыс әкімінің аппараты «Қоғамдық коммуникациялар орталығы» МКК басшысы:

- Парақшаға кез келген адам өз сұрағын жаза алады. Оған тіркелу үшін жеке бас мәліметтерді жазудың қажеттілігі жоқ. Бұл жерде облыстық барлық елді мекендерінің әкімдері, мемлекеттік мекемелердің өкілдері отыр. Жұмыс бірлесе атқарылады.

Келген сұрақтарды өңірлік қоғамдық коммуникациялар орталығының мамандары реттейді. Олар әр хабарламаға тез арада жауап берілуін назарда ұстап отырады. Бүгінге дейін 8 385 өтініш түсіп, барлығы оң шешімін тапқан.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев