Қостанай облысы Құмкешу ауылында қымыз саудасы қызып тұр

Тобыл өңіріндегі Амангелді ауданында күніне екі тоннаға жуық қымыз дайындалады. Мысалы Құмкешу ауылында әр бесінші үй бие байлайды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жергілікті халық ұлттық сусынды баптаудың бірнеше әдісін меңгеріп алған. Мырзекеевтер жанұясы ширек ғасыр бойы қымыз дайындайды. Негізгі күнкөріс кәсібі де осы. Қорадағы 400-дей жылқының 70-сі бие. Отанасы таңның атысы, күннің батысымен жүз литр жылқы сүтін сауады.

Алтын Мырзекеева, Құмкешу ауылының тұрғыны:

Биелердің сапасына қарай ғой. Кейбір биеден бір литр шығады. Кейбір биеден жарты литр шығады. Күніне үш сағаттан, кейде екі жарым сағаттан төрт рет сауамыз. Мамырда қымыздар қою болады. Майдың қымызы дейді. Май айының. Сол кезде қымыздар әдемі болады. Сосын күзгі қымыз әдемі болады. Бірақ жаздың да қымызы әдемі боладыТек қою болмайды.

Мың түрлі дертке ем Құмкешу қымызы қоспасыз, әрі бұрынғы тәсілмен дайындалады.

Данияр Сұлтанұлы, тілші:

– Бие сүті қайыңнан жасалған күбіде пісілуі қажет. Егер темір, не пластикте пісірілсе, онда оның құрамындағы пайдалы заттар, дәрумендер жойылады. Дәмі де өзгеруі мүмкін.

Дүйсенбек Мырзекеев, Құмкешу ауылының тұрғыны:

Ол да адамның дайындауына, күтуіне байланысты. Қымызды дұрыстап күту керек. Оны баптау керек. Тобымен ыстайды. Сосын қымыз көп пісуді керек етеді. Неғұрлым көбірек піссе, таңертеңгілік, әсіресе, кешке де пісеміз енді. Тұщы болады.

Ұлттық сусын өндірісін ауылдағы әр бесінші үй кәсіпке айналдырған. Осы жердің қымызын облыс орталығымен қатар елорда, Ақтөбе, Жезқазғаннан іздеп келетіндер бар.

Асылан Исмайылов, Құмкешу ауылдық округінің әкімі:

– Бие сауып отырған азаматтар мысал,ы айдап әкелетін адамға 100 мың төлейді. Сауатын адамға 150 мың теңге. Екі адамды жұмыспен қамтып отыр. 250 мың теңге еңбекақы береді. Ал қымыздың бағасы 600-800 теңгенің ортасында.

Құмы Африканың ғажап шөлдерінен, Араб Әмірліктерінің қызыл құмынан кем түспейтін ауыл бойында былтыр қымызхана ашылған. Жол-жөнекей өткен кісілер киіз үйде жергілікті қымыздан шөл қандыра алады.

Анар Жаншурина, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны:

– Құмкешудің балдай қымызына ештеңе жетпейді. Арнайы келіп осы жердің қымызын ішіп, өзімізбен бірге бірнеше литр қымыз алып кетеміз. Құмына аунап, балалармен серігіп, өзіміз бой жазып. Осы тамаша жерге әдейі келеміз жылда.

Қазір Құмкешуде екі мыңнан аса жылқы бар. Енді тұрғындар қымыздың өндіріс аясын кеңейтіп цех ашуды көздейді. Бизнес-жоспар ойдағыдай жүзеге асырылса, онда Құмкешу қымызы жыл он екі ай қолжетімді болмақ. 

Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров