Киіктерге қатысты мәселені шешуге уақыт керек

Киіктерге қатысты мәселе 1-2 жылда шешімін таппақ.

Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешов БАҚ өкілдерімен кездесуінде осылай деді. Үкімет отырысынан кейін министр киік популяциясын басқару бойынша бірқатар шараны қолға алды. Мәселен, жақында ғылыми орталықтар мен мүдделі мемлекеттік органдардың қатысуымен басқарудың жаңа тәсілдерін қарастыру  бойынша кеңес өтті. Осы ретте зоология институты мен биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығы популяцияның оңтайлы санын анықтау үшін экожүйені кешенді бағалау керектігін назарға алды.  Енді жүргізілген зерттеулерден соң киіктер санын бақылап отырудың баламалы әдістері белгілі болады. Сондай-ақ жуырда сөз болған  80 мың киікті табиғи ландшафттан шығару туралы ұсыныс та өз шешімін табады. Айта кетерлігі, биыл киіктердің саны рекордты көрсеткішке жетті. Дәлірек айтқанда, осыдан 20 жыл бұрын 21 мың дала жануары болса, биыл олардың саны 1 млн 318 мыңды құрады. 

Серікқали Брекешов, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі

Сонымен қатар жиында министр геология саласын дамыту бойынша да бірқатар шаралардың жүзеге асатынын мәлімдеді. Нәтижесінде  мемлекеттік инфрақұрылым дамиды.  Бұл процестер 2025 жылға дейін "Геология саласы даму тұжырымдамасы" және  "қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған орнықты экономикалық өсу" ұлттық жобасы аясында жүргізіледі. Бағдарлама бойынша геологиялық зерттеу жүргізетін жердің аумағы 680 мың шаршы шақырымды құрайды. Бұған қоса геологиялық ақпаратқа қол жеткізу үшін инвесторларға кешенді сервис қызмет етеді.