Этникалық қазақ балалар еліміздегі жазғы лагерлерьде демалуда

Шетелде тұратын 80-нен астам этникалық қазақ бала Ақмола облысындағы жазғы тынығу лагерлерінде бас қосты. Франция, Түркия, Иран, Қытай, Монғолия мен ТМД елдерінен келген жеткіншектер өздерінің тарихи отанына алғаш рет табан тіреп отыр. Олар осы жерде тіл үйреніп, салт-дәстүрлермен танысуға мүмкіндік алмақ. Ұйымдастырушылардың айтуынша, балалардың көпшілігі болашақта Қазақстанға көшуге ниет білдірген. 

13 жастағы ресейлік Самира мен 15 жастағы Өзбекстаннан келген Жандос Қазақстанға алғаш келген. Олар табиғаты тамаша Бурабайдағы демалысты естен кетпес естелік деп есептейді. Олар ата-бабаларының жеріне келгендегі толқыныстарын да жасырмайды. Қазақ мәдениетімен кеңінен танысу барысында ерекше әсерге бөлендік, дейді балақайлар.  

Самира Сұлтанова, оқушы (РФ, Астрахань):

- Әртүрлі елден келсек де ұлтымыз бір, барлығымыз қазақпыз.  Маған олармен ортақ тіл табысқан ұнайды. Қазақстанның Нұр-Сұлтан, Атырау қалаларында болдым. Ерекше әсерге бөлендім.

Жандос Кәрібаев, оқушы (Өзбекстан):

- Келешекте мен келіп, Қазақстан Республикасында жасау ниетім бар. Болашақта мен де Қазақстан Республикасының азаматтығын аламын. Бұл жерде қазақи дәстүрлердің барлығы сақталып қалған. Мысалы, киіз тоқу деген секілді. Садақ ату, атқа міну, тағы сол сияқты қазақи салт-дәстүрлер.

Жазғы лагерьде балаларға қазақ тілі, работотехника, мобилография, кәсіпкерлік және жоспарлы басқару курстары бар. Тіпті тарихи отанынан алыс тұрса да қазақтың ұлттық музыкалық аспаптарын меңгеріп алған балалар да бар екен. Лагерь басшылығының айтуынша, мұндай шаралар жастардың өзара байланысын нығайтып, ой-өрісін дамытуға сеп болады.

Дидар Болат, "Отандастар" қоры президентінің кеңесшісі:

- Домбыра тартып үйренеді балалар, қазақ үй тігеді, атқа мінеді. Әрине 40 күн жеткілікті емес. Қазақтың өзіміздің ұлттық салт-дәстүрмен танысады. Қазақша күрес деген болады балалардың арасында. Және осы Қазақстандағы балалармен танысады. Бұл жалғыз этникалық қазақтар емес бұл лагерьде. Бұл жерде осы Қазақстанның жергілікті балалары да қатысады. Солармен достасады.  

Шетелдегі қандастарды қолдау шаралары мұнымен шектелмейді. Жыл сайын қазақстандық жоғарғы оқу орындарында өзге мемлекеттердегі этникалық қазақтардың білім алуы үшін 5 мың грант бөлініп отыр. 

Нұрлан Жақыпбеков, Аслан Абуталипов, Виктор Полянный