Алматыда «Ассамблея жастарының» республикалық слеті өтті

Қонаев қаласында республикалық «Ассамблея жастарының» тұңғыш слеті ұйымдастырылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Еліміздің әр аймағынан келген белсенді жастар үш күн бойы Жетісудың көрікті жерлерін аралап, маңызды шараны қорытындылады. Жастар Жаңа Қазақстанды дамытуда тың идеялары мен мүмкіндіктерін ортаға салды. Республикалық «Ассамблея жастарының» тұңғыш слетінің Қонаев қаласында өтуі бекер емес. Алматы облысында 100-ден астам этнос өкілдері тұрады. Өңірде жастарға білім беру, жұмысқа орналастыру, кәсіпкерлік әлеуетін арттыру және тұрғын үймен қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Басқосуда жастар бірнеше тың идея ұсынды. Мәселен, креативті идеялар платформасы арқылы сәтті жобаларды жүзеге асыру үшін инвесторлар табуға мүмкіндік бар.

Руфина Усанова, «Ассамблея жастары» Алматы облыстық өкілдігінің төрайымы:

– Республикалық челенджді ұсындық «Өз көрікті жеріңді көрсет» деген және де «Менторство» бойынша жобаны ұсындық. Жаңа жобалар, жаңа идеялар бойынша платформасын ұсындық, егер де қолдау тапса, Жаңа Қазақстанда біраз жобалар іске асырылатын болады.

Өңірлерден келген белсенді жастар үш күн бойы Жетісудің көрікті жерлерін аралап, туған жердің табиғатымен етене жақын танысты. Көлсай көлдері мен Шарын шатқалы шабытымызға шабыт қосты, – дейді олар. Бағыт айқын, бастама мол. Енді күш- қайратпен ел дамуына үлес қоспақ.

Данель Жарабаева, «Ассамблея жастары» Алматы облыстық өкілдігінің мүшесі:

– Тек қана демалыс емес, біз болашақта өзіміздің жұмысымызға пайдасын тигізетін шараларды, болашақта алға қойған мақсаттарды талқыладық және де осы мақсаттарға айқын жету үшін біз өзіміздің нақты-нақты қадамдарымызды сараптап, реттеп қойдық.

Республикалық «Ассамблея жастарының» тұңғыш слетінде облыс басшылығы жастардың ұтымды жобалары қолдау табатынын жеткізді.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Кенже Амраев