Мыңға жуық мұғалім Алакөлге жолдама алды

«Алматы облыстық білім беру мекемелері қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігі мыңға жуық мектеп мұғаліміне Алакөлге жолдама берді. Еңбекшіқазақ, Талғар, Жамбыл, Іле және ұйғыр ауданының ұстаздары 50 проценттік жеңілдікпен Жетісудің інжу-маржанына баланған Алакөл жағалауындағы пансионаттарда демалып қайтуға мүмкіндік алды.

«Алматы облыстық білім беру мекемелері қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігі Алакөлдегі екі демалыс орнымен алдын ала келісім-шарт жасасқан. Сол құжат бойынша бүгінге дейін мұнда Алматы облысындағы білім ошақтарында еңбек етіп жатқан 500-ден астам мұғалім демалып қайтты. Қалғаны тамыз айының 14-іне дейін келіп тынығады.

Ая Әлқожаева, демалушы:

- Осы 5 күнде шынын айтсақ өзіміздің көңілімізден шығып отыр. Бұл жерде осы халыққа қызмет көрсету саласы бойынша жақсы ұйымдастырылған. Жатын бөлмелеріміз өте ыңғайлы. 

Әлібек Байдәулетов, демалушы:

- Мен өзім бұрын-соңды мұндай жолдамамен мұғалімдерді осылай демалыс аймағына жіберіп жатыр дегенді естіген жоқ едім. Биыл мына тосын жаңалық болып тұр. Сондықтан осы жағдайды пайдаланып келіп қалдық.

Жолдама 50 пайыздық жеңілдікпен 5 күнге беріледі. Оған ұстаздардың жалақысынан кәсіподаққа аударылатын қаржы есебінен 54 миллион теңге бөлінген. Бұл жыл он екі ай бойы бала тәрбиесімен айналысатын ұлағатты ұстаздар қауымы мен көл жағалауындағы демалыс орнының қожайындары үшін де өте тиімді. Кәсіподақ келісім-шартта көрсетілген қаржыны олардың есеп-шотына көктемде аударып қойған.

Қайратбек Асылханов, кәсіподақ ұйымы төрағасының орынбасары:

- Жалпы осы Алакөл жағасындағы пансионат пен шипажайларды қосқан кезде 175 млн теңгеге біз жолдама алып, жаңағы 2132 мұғалім мен жұмысшылардың жазғы демалысын ұйымдастырудамыз.

Айдынды Алакөлдің Жетісу облысындағы бөлігіне биыл 700 мыңнан астам демалушы келді. «Бұл көрсеткіш шомылу маусымы аяқталғанша екі есеге дейін артады» дейді жергілікті атқарушы билік өкілдері.

Арман Қабаев, Алакөл ауданы әкімінің орынбасары:

- Жылдан жылға Алакөлдің жағасы дамып келе жатыр. Былтырдың өзінде жаңадан саябақтар берілді. Волейбол алаңдары берілді. Саночистка дейміз, жағалаудың бәрін тазалауға қаражат бөлініп отыр. Былтырдың өзінде 1 млн 300 мың демалушы болды. Биыл одан көп болады деп жоспарлап отырмыз.

Туристердің Алакөл жағалауына ағылуына ең алдымен жол қатынасының жақсаруы оң әсер етті. Алатау баурайындағы алып шаһар Алматыдан Ақши, Көктұма ауылдарына дейін қазір автокөлікпен 7 сағатта жете аласыз. «Алматы – Өскемен» республикалық тас жолы келер жылы толық пайдалануға беріледі. Пойыз үздіксіз жүріп тұр. Үшарал әуежайы алдағы аптада «Алматы-Талдықорған-Үшарал» бағытындағы рейстерді жүзеге асыра бастайды. 

Ардақ Айбарұлы, Қуаныш Түргенбаев, Айгүл Ғазизуллина