БҚО-да еңбекқор отбасы ағаштан тұрмыстық жабдықтар жасауды тұрақты табыс көзіне айналдырған

Жергілікті тұрғын Талан Кенжетаевтың ауласына кірген бойда кең өндіріс орнына еніп кеткендей болдық. Әр жерде ағаштан жасалып жатқан бұйымдар тұр. Ал сарайдың іші құрал-жабдыққа толы. Шебер таңнен кешке дейін осы жерде тынымсыз еңбек етеді. Айтуынша, тұрмыстық жабдықтарға тапсырыс толастаған емес.
Талан Кенжетаев, шебер:
- Ағаштан жасалатын заттардың бәрін жасаймыз негізі. Үй бұйымдары, ағаш жиһаздарын жасау үшін бізге 12% ылғал болады. Су ағаштары жарамайды бізге негізі. Менің таңдағаным халыққа барады. Ертең біреу ұнамаса, «мына ағашың мынандай» деп, лақтырып тастауы мүмкін. Атырауға кетеді, Алматы, Қостанай кілең, Ақтөбе, сол жақтар. Қазір жақсы ғой. Бұрынғыдай бүйтіп жапсырып жүрмейсің ана жерге, мына жерге, «мен мынаны сатамын» деп.

Әсіресе, оңай құрастырылып, қайта жиналатын бесіктерге сұраныс көп. Сонымен қатар, есік-терезе, үстел, кәдесыйлар тұрақты жасалып тұрады. Шебердің ұлы Ұлан жоғары оқу орнын бітірген. Мамандығы – дизайнер. Ол кәсіби білімін енді әкесінің шеберханасын жетілдіруге жұмсап жүр. Қазір өндірістің негізгі бөлігін бір-ақ тетікпен тындыру мүмкіндігі туды.

Ұлан Дәулетшиев, шебердің ұлы:
- Балталап істейтін жұмыс жоқ. Бәрі компьютер, заманауи технология бойынша қолданылады. Мысалы, негізі мына бесікті біз қолмен ойып жасайтын болсақ, ол бірапталық уақытты алады. Ал компьютердің көмегімен ол бір сағатта кесіп береді де, сосын әрі қарата жеңіл-желпі жұмыс қалады.

Отбасылық кәсіптің өрісі едәуір кеңейгенін көзімізбен көрдік. Санаулы сағатқа созылған түсірілім кезінде-ақ тұтынушылар келіп жатты. Мәселен, Темірғали ақсақал шеберге талай мәрте тапсырыс берген екен.

Темірғали Дәулетқалиев, Шыңғырлау ауылының тұрғыны:
- Екі терезе жасаттырмақшы болып келіп отырған жайым бар. Талай үйіме терезе жасаттырып алдым. Бір 6-7 жыл өтіп кеткен шығар. Папасын көрдім ғой. Папасы да осы шебер адам. Ізін басып, содан үйреніп, осындай дәрежеге жетіп, осындай еңбек етіп жатыр, Талан.

Шеберді толғандырған мәселелер де бар. Соңғы жылдары нарықта материал бағасының күрт қымбаттап кетуі едәуір кедергі келтіріпті. Бұған қоса, мемлекеттік сатып алу әдісімен тапсырыс қабылдау мүмкіндігі аз болып тұр.
Талан Кенжетаев, шебер:
- Ағашты біздер Оралдан әкелеміз, Ақсайдан әкелеміз. Аағаш қазір бес есеге қымбаттап кетті. Бұрын бір балкамыз 1500 теңге тұрды. Әрі кеткенде 3500 болды. Қазір бір балкамыз 8 000 теңге болды. Бір қиыны біздерде госзакуп бойынша алынатын заттар көбінесе. Госзакупқа кіргенде анда бүкіл Қазақстан көреді оны. Қазақстан көргеннен кейін үлкен-үлкен алпауыт фирмалар ұтып алады. Кішкентай мына біздер сияқты шағын фирмаларға кішкене аудан арасында жүргізілсе деп өзіміздің ойымыз.
Адал еңбек пен маңдай тердің арқасында қолөнерді күнделікті табыс көзіне айналдырып үлгерген отбасы көпке үгі болып келеді. Олар алдағы уақытта өндіріс қуатын одан әрі ұлғайтуды жоспарлап отыр.

Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Болат Жарылғасов, Елдар Аюпов