Қызылорда облысы Жаңақорған ауданында электр желілерінің 75-80%-і тозып тұр

Олардың дені өткен ғасырдың 70-80-ші жылдары қолданысқа берілген. Қазір жел тұрса, жарығы сөніп қалатын көше көбейген, деп хабарлайды «Хабар 24».

 Бұл Жаңақорған кентіндегі көшелердің бірі. Жарық желілері әбден тозған. 50 жыл бұрынғы ағаш бағаналармен тұр. Ауа райы сәл құбылса, жарықтың сөнуі үйреншікті жағдайға айналған. Өткен жылы мамандар келіп, жамап-жасқаған екен. Соның өзінде жағдай оңала қоймапты.

Үмбетәлі Абибуллаев, Жаңақорған кентінің тұрғыны:
- Былтырлары шамалы трансформатор қойып, қосымша жұмыстар жасалынған. Соның өзінде әлі жетіспейді. Жүйесі электрдің сымдары тартылғаны өте ескі, сосын қолайсыз. Әр үй өзінше бөлек тартылған.

Жаңақорған кентіндегі жарық желілері өткен ғасырдың 80-90 жылдары пайдалануға берілген. Содан бері үзілген жері жалғанып, қисайған жері түзеліп, қырық құрақ күйге түскен. Сондықтан, ауылдық елді мекендерді айтпағанда, аудан орталығының өзінде жарыққа жарымай отырған көшелер көп. Биыл соның біршамасы жаңаланады,-дейді мамандар. Ол үшін республикалық бюджеттен 900 млллион теңге бөлінген.
Мәлкаждар Ниязхан, мердігер мекеме директорының орынбасары:
- Биылға 28 дана КТПН ауыстырамыз, әр трансформатор стансасына 10 вольттық желілер тартамыз. 60 шақырым тартамыз биылдыққа. Бірінші траншты қараша айында бітіреміз.

Жалпы Жаңақорған ауданы бойынша бүгінгі күні электр желілерінің 75 проценті тозған. Ал, бір ғана аудан орталығындағы электр желілерін толық жаңалау үшін жасалған жобаның құны 3,5 млрд теңгені құраған. Оның қалған бөлігі келесі жылы бөлінеді екен.
Қайрат Сапарбаев, Жаңақорған аудандық Тұрғын үй коммуналдық бөлімінің басшысы:
- Жалпы аудан бойынша елді мекендердің де жағдайы осындай қалыпта. Осыған байланысты біз ең жағдайы төмен 9 елді мекеннің электр желілерінжаңғырту бойынша жобаларды жасаған болатынбыз. Жобалардың құны 2,5 млрд теңге болды. Ол жобаны облыстық құрылыс басқармасы арқылы біз республикалық бюджеттен қаржыландыруға келесі жылға ұсынып отырмыз.
Жобаға сәйкес қомақты қаржы бөлініп, жаңғырту жұмыстары толық аяқталған жағдайда аудандағы электр желілері 70-80 процентке дейін жаңаланады,-дейді мамандар.
Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин, Әлхайдар Тұрлыханов