Қаржы пирамидасының құрығына түскендер азаймай тұр

Қаржы пирамидасының құрығына түскендер азаймай тұр

Елордада 2 мыңнан астам азамат қаржы пирамидасынан зардап шекті. Салымшылардың бірі 50 миллионға дейінгі қаржысын сенімсіз компанияға салып, сан соғып отыр. Алдап арбаудың түрлі жолын тапқандар үлкен қаражатты қолды қылып елден ізін суытқан. Біздегі жауапты мекемелер тиісті жұмыстың жасалып жатқанын айтты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қаржы пирамидасын құрған алаяқтардың арбауына түсіп, саны соғып жатқан жұрт көп. Алды миллиондап ақша, тіпті баспанасы мен астындағы көлігін де түсіп беріп жатыр. Бір ғана елордада осындай опық жеген 2 мыңнан аса азамат бар. Соның бірі – Равиль Ахметов. Маңдай термен ақша тауып, кәсібін шыр айналдырып отырған кәсіпкер таныстарына сеніп 87 мың АҚШ долларын санап берген.

Равиль Ахметов, қала тұрғыны:

Бұл компанияға таныстарымның айтуымен бардым. Алғашында 12 мың доллар қаржы салдым. Барлығы жақсы, заңды болып көрінді. Ақшамды еселеп алған соң үйім мен көлігімді сатып, тағы 87 мың долларды осы компанияға аудардым. Енді қатты өкінем, ақшасыз қалдым, бар үмітім құқық қорғау органдарында. Биыл қаңтарда компания үстінен арыз жаздым. Қазір тергеп жатыр. Өзім такси қызметіне тұрып, отбасымды асырауға күнделікті нәпақа тауып жүрмін.

Қазір 6 қаржы пирамидасы бойынша іс тергеуге алынған. Оның тек біреуінің өзі елді алдап, 500 млн-дай жинап алған. Енді оларға кеткен ақша қайта ма, жоқ па? Белгісіз.

Сабырғали Балғалиев, қалалық экономикалық тергеп тексеру басқармасының басшысы:

– Осы жылдың өзінде Нұр-Сұлтан қаласы бойынша 4 адамға қатысты іс сотқа жолданды. Ол азаматтарға сот үкімімен бас бостандығынан айыру туралы жаза кесілді. Бұл істер бойынша зардап шеккен салымшылардың саны 2000-нан асады.  Қазір департамент өндісінде алты іс тергелуде. Олар еден, антарес, т.б. Антарес бойынша зардап шеккен салымшылардың қаржысы 500 млн-нан асып жығылады.

Алаяқтар жұртты ең төменгі салым мөлшері 50 АҚШ доллары ғана, ал табыс бірнеше есе деп уәде етеді. Көбіне бір схема. Міндетті кіру жарнасын төлеп, өзіңмен қоса адам әкелесің. Ол үшін де ақы аласың деп алдап соғады.

Қаржы пирамидасы қалай тез құрылса, жоғалуы да тез. «Пирамиданың биігінде» тұрғандар қалтасын қалыңдатқан соң із суытады.шетелге қашып кетеді. Оларды ұстау да, қаражатты қайтару да оңай емес, әрине. Ел-жұрттың осылай ауызы күйіп жатқанын білсе де, сол пирамидаға ақшасын әлі де өздері санап беріп жүргендер көп. 

Гүлзия Нақыпқызы Мұрат Әріпханов