Ақтөбеде халық қалдықтың қала маңына төгілуіне қарсы шықты

Ақтөбедегі зауыттардың бірі өндірістік қалдығын қала маңындағы карьерге көмуді ұйғарған. Бұл туралы арнамыздың тілшілеріне «Бауырластар-3» елді мекенінің тұрғындары хабарлады. Олар құрамында түрлі улы заттар болуы ықтимал деп наразылық білдіріп отыр. Бұқара халықтың пайымынша, ауыр өнеркәсіптің шаң-тозаңында қоршаған орта мен ағзаға зиянды радиация болуы мүмкін.

Тереңдігі ондаған метрге дейін жететін бұл карьерден құрылыс пен кірпіш өндірісіне құм қазылған. Қазір жұмыс тоқтап, қараусыз жатыр. Кіреберісінде елге танымал ірі компанияға тиесілі деген ескертпе бар. Күл-қоқыс төккендерге айыппұл да қарастырылған. Бірақ ауыл тұрғындарының айтуынша, болашақта бұл жерге зауыт өндірісінен қалған қиыршық тас пен шаң-тозаң тасымалданбақ.

Әнет Сарин, «Бауырластар-3» тұрғын үй алабының тұрғыны:

- Биыл төселсе, халық ауырады. Анау келмейді. Анау радиация. Халықтың өзі ауру болады. Түсіндіңіздер ғой. Ол халық. Бала-шаға, үлкен кісі. Біз мына жерге таза ауа деп келдік. Қаладағының барлығы осы жерге жиналып жатыр. Бала-шаға ауырса, бізге үкімет ешқандай жәрдем бере алмайды.

Жақын маңдағы «Бауырластар-3» ауылының халқы қалдықтың жерасты суына зияны бар деп есептейді. Орталық жүйеге қосылмаған елді мекен тұрғындарының 30 проценті құдық қазып алған. Сондықтан белгісіз қалдықтардың қаупінен секем алып отыр.

Дәулетқали Мұқашев, «Бауырластар-3» тұрғын үй алабының тұрғыны:

- Бұл жерден аққан су біздің ішіп жатқан суымызға барады, біріншіден, екіншіден, мына Сазды өзеніне құяды. Сазды өзені барып, Елекке құяды. Сонымен бұлар тек ғана Сазда емес, ия Бауырлас емес, Ақтөбе облысын экологиялық апатқа әкелгісі келіп отыр. Сол себептен Бауырластар-3, Сазды-1, 2, Бауырлас-1, 2, 3, 4, 5 елді мекендерінің халқы атынан бәріміз қарсымыз.

Аталған ауылдарға жауапты шаһардағы Астана ауданы әкімдігінің өкілдері жоба әлі бекітілген жоқ дейді. Дегенмен, алғашқы қоғамдық тыңдау өтіп кеткен. Тіпті халықтың келісімі де бар көрінеді.

Мамырғали Аққағазов, Астана ауданының әкімі:

- Қоғамдық тыңдаудың негізінде шешім қабылданып жатыр.

- Қабылданды ма?

- Ия. Қабылданды.

- Қандай шешім қабылданып жатыр?

- Онда жаңағы рұқсат етіп жатыр. Сол жерді нетуге.  Ол негізі проект жасалған. Бұл бұрыннан белгілі зат. 

Жоба бұрыннан белгілі болғанымен қандай қоқыстың көмілетіндігінен экологтар хабарсыз боп шықты. Құзырлы мекеме өндіріс қалдық құрамын әлі зерттемеген.

Талап Уснадин, облыстық экология департаменті басшысының м. а.:

- Біз әлі зерттеген жоқпыз. Бірақ бұған дейін өзге жобалар аясында зауыттың зертханасы берген анықтамада химиялық қаупі жоқ делінген. Дәл қазір анығын айта алмаймыз. Сынама алып зерттеген соң белгілі болады. Сертификатталған құрылыс материалдары делінген. Яғни қиыршық тас пен құм. Бәлкім басқа зат та болар.

Бұл «Бауырластар-3» елді мекені тұрғындарының басындағы жалғыз мәселе емес. Кезектегі жандарға 5 жыл бұрын мыңнан астам жер телімі үлестірілгенімен әлі күнге дейін коммуналдық желілер жүргізілмеген. Атап айтсақ, облыс орталығының іргесіндегі ауыл халқы ауыз суды тасып ішіп отыр.

Әнет Сарин, «Бауырластар-3» тұрғын үй алабының тұрғыны:

- Осы жерде бір колонка қазып берді міне мына жерде суды. Бұл халыққа жетпейді. Екінші мәселе бұл жерде мектеп. Осы жерде қаншама бала-шаға бар. Мына Бауырластар-2-де 66-мектеп бар. Ол жерге бала саны сыймай жатыр. Бес жылдан бері біздің бармаған жеріміз жоқ. Бәріне бардық, қағаз жолдадық. Жазылды қағаз түрінде. Мектеп саны 600 баладан ассын деді. 600 баланы жазып білім бөліміне тапсырдық. Әлі шешімі шықпай жатыр.

Журналистермен жүздескен бұқара қоғамдық көліктің де қиындығын тартып отырғанын айтып қалды. Іргеден өтетін жалғыз автобус ауыл көшесіне бас сұқпайды. Мектепке асыққан оқушылар да, еңкейген қария да қыста қарға, көктем мен күзде балшыққа батып жолға жетуге мәжбүр. Баз кешіп отырған тұрғындардың ендігі үміті билік өкілдерінде.

Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков