БҚО-да көшелер қоқыстан тазарды

Бұл – қаланың былтырғы көрінісі. Көше қоқысқа толы. Ал қалдықтарды салатын жәшіктердің маңайы тау болып жатыр. Жыл бойы осындай жағдай, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ал биыл не өзгергенін көзбен көруге қайта келдік. Бұл жолы шаһардың едәуір тазарғаны байқалады. Тұрғындардан да шағым ести қоймадық.

-  Жоқ, былай енді мына жағын қарап келе жатырмын, таза. Оны түсте тазалайды ғой.

-  Бар қоқыс. Бірақ ондай проблема жоқ. Бізде тазаланады қазір.

Жергілікті қауымдастықтың ұсынысы негізінде әкімдік пен коммуналдық кәсіпорын арасындағы келісімшарт бұзылған. Көп ұзамай жаңа компания жұмысқа кірісіпті. Шаһар бюджеті есебінен оларға 260 контейнер сатып алынған.

Бекболат Ғұбаев, Ақсай қаласы әкімінің орынбасары:

- Жұмысы өте күрт төмендетті. Қоқыс шығарылмады. «Демсервиспен» келісімшарт 2024 жылға дейін болған еді, бірақ та өзінің жұмысын атқармағандықтан,  уақытында көң-қоқысты шығармау себебінен онымен келісімшарт бұзылды. Сол жұмыстан бастап енді қаламыз таза болып келе жатыр.

Телман Бекмағанбетов, коммуналдық кәсіпорын директоры:

- Келген бойда өте ластау болды қала біршама уақыт. Біршама техника техника жалдадық тазарту үшін. 6 қоқыс таситын машиена бар. Линияда төртеуі жүреді. Екеуі қосымша. 10-12 адам жүреді күніне. Кубпен санасақ , мысалға, 100-120 куб шығып тұр ғо қоқыс.

Айта кету керек, бірер жыл бұрын қалада құдық үлгісіндегі ең қымбат контейнерлер орнатылған еді. Олардың саны елуге таяу. Әрқайсысының сыйымдылығы жүз тонна шамасында. Алайда миллиондаған қаражат ақыр аяғы желге ұшты. Өйткені екі кәсіпорынның да оны қолданатын арнайы техникасы болмай шықты.

Бекболат Ғұбаев, Ақсай қаласы әкімінің орынбасары:

- Тереңірек контейнерлер қойылды ғой. Оның проблемасы, иә, арнайы техникасы болмау себебінен. Оған бір техника емес, екі техника керек және погрузчик керек. Оған шахман керек және қосымша 2-3 адам керек. Қызмет көрсететін мекемеге қиын болып тұр ғой. Сондықтан басын жаптық.

Жаңа компания тұрмыстық қатты қалдықтар полигонын сенімгерлік басқаруға алған. Енді қоқыс алаңында өрт шықпауын қадағалау қажет. Сонымен қатар қалдықтарды сұрыптауы тиіс. Кәсіпорын басшысы қос бірдей міндетті қатар алып жүру қомақты қаражатты талап ететінін айтады. Қалада шамамен 40 мыңға жуық абонент бар. Қолданыстағы тариф жан басына 200 теңгеден. «Ал бұл баға тиімсіз» дейді компания басшысы. Сондықтан ол қызметақысын көтеруді ұсынады.

Телман Бекмағанбетов, коммуналдық кәсіпорын директоры:

- Ол тариф баяғыда, 3-4 жыл бұрын орнатылған тариф. Қазіргі бағамен ол сәйкес келмейді негізі. Соған қарамастан жайлап жұмыс жасап бастадық қой енді. Көп адамдар пропискаларында бір адам қылып көрсетеді, аз төлеу үшін. Бізге енді кішкене ауыртпашылығын тигізуі мүмкін болашақта. Кәсіпкерлік нысандар басқа тарифпен төлейді.

Әзірге ұсыныс еш жерге ресми жолданбаған. Әйткенмен тұрғындар қазірден-ақ тариф бағасын өсіруге үзілді-кесілді қарсы. Олар ажары кіре бастаған Ақсайда енді бағаның шарықтай бастағанын қаламайды.

Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Болат Жарывлғасов, Елдар Аюпов