«Дипломмен ауылға»: Қызылорда облысында сәтті жүзеге асып келеді

«Дипломмен ауылға» бағдарламасы Қызылорда облысында кадр тапшылығы мәселесін шешуге мүмкіндік жасап отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мәселен, Жаңақорған ауданына аталған бағыт бойынша соңғы үш жылда 13 медицина маманы келген. Еңбек жолын ауылдан бастағандармен өңірдегі тілшіміз кездескен болатын. Мамандығыңа сай жұмыс, көңілге қонымды еңбекақы, баспана алу мүмкіндігі. Бұл – «Дипломмен ауылға» бағдарламасының әлеуметтік кепілдемесі. Үлкен өмірге қадам басқан жастар үшін бұл – үлкен қолдау.

Нағима Серекеева, неонатолог:

Бір жылдан кейін жас маман бағдарламасымен үй алдым. Қазір сол үйде тұрамын. Ай сайын айлығымнан төлеп отырамын. Қазір отбасылымын. Осы жаққа тұрмысқа шықтым.

Нұрсұлтан Әубәкіров те мемлекеттік қолдау арқылы Жаңақорған ауданына 5 жыл бұрын келген. Ол – невропатолог дәрігер. Қосымша ренаиматолог ретінде біліктілігін арттырған. Осылайша жас маман аудандық емханамен қатар, ауруханада да қызмет атқырып жүр.

Нұрсұлтан Әубәкіров, невропатолог:

– Ауылға келгеніме бірде-бір өкінген жоқпын. Қазіргі таңда мен ауданаралық ауруханада кезекші дәрігер ретінде қызмет атқарамын, емханада невропотолог дәрігер ретінде қызмет атқарамын. Қазір маған мүмкіншіліктер өте көп.

Ақсәуле Мұрзаметова, Жаңақорған аудандық емханасы бас дәрігерінің орынбасары:

– Бейінді мамандарға келетін болсақ, бейінді мамандардың бізде барлығы қамтамасыз етілген. Бізде тек қана балалар көз дәрігері жеткіліксіз болып тұр. Тек қана үлкендерге арналған көз дәрігері ғана бар. Сол кадрымыз жетіспейді, қалғандары барлығы қамтамасыз етілген.

Айта кетейік, «Дипломмен ауылға» бағдарламасы басталғалы Жаңақорған ауданына барлығы 831 жас маман келген. Осылайша ауылдық елді мекендердегі маман тапшылығы шешімін тапса, жас мамандар тәжірибе жинауға мүмкіндік алды.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин