Тасауылға ауыз су қашан келеді – Қарағанды облысы

Қарағанды облысына қарасты Тасауыл деген ауылдың тұрғындары ауыз судан таршылық көріп отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бір өкініштісі, ауылда осыдан 3 жыл бұрын 27 миллион теңгеге су құбыры тартылғанымен, сол жылы қыста ол қайтадан қатып қалыпты. Жаздың екі айы сынаптай сырғып өтіп кетті. Ал жарылған құбырлар әлі қалпына келтірілмеген. Аудан басшылары бұған тағы қосымша 9 миллион теңге бөлгенімен, тендерге талас туындаған. Бұл Қарағандыдан әрі кетсе, 50 шақырым жердегі Тасауыл деп аталатын елді мекен. Жергілікті тұрғындар ауыл ауыл болғалы ауыз су мәселесі шешілген жоқ деп шағымданады. Тек осыдан 3 жыл бұрын алғаш құбыр тартыла бастағанда тұрғындардың қуанышында шек болмаған. Бірақ салғырт жұмыстың салдарынан ол сол қыста қатып қалыпты.

Хамит Құсайынов, Тасауыл ауылының тұрғыны:

– Істегенде бәрін немқұрайды істеген жұмысты шынын айтайын. Неге? Ана таудан су келгенде тереңдігі бір-ақ метр қазылған. Ол 1 метр оңтүстік Шымкент, Жамбылға жарайды. Ал біздің жақта 2,50-2,70 болуы керек. Сонда қалған 1,50 метрдің ақшасы қайда кеткен?

Бағдат Елебекова, Тасауыл ауылының тұрғыны:

– Кір жуа алмаймыз, балаларды жуындыра алмаймыз, тіпті қолды да жуа алмаймыз. Үйде скаважина бар бірақ, бақшада жоқ. Су жоқ мүлде. Қысты күні мүлде су болған жоқ.

Әкімдік өкілдері судың тапшылығын әдеттегі себеппен байланыстырады. Яғни көбі бау-бақшаны суарған кезде бас жағындағы 15-20 үйге ғана су жетпейді деген пікірде. Ал іс жүзінде жағдай мүлде басқа болып шықты.

Дәуренбек Бағдәулетұлы, тілші:

Бұл Тасауылдың ең төменгі беті. Қалай екені белгісіз 27 млн-ға салынған жоба бойынша скважина ауылдың ең төменгі бетінде орналасқан. Негізі жауапты мамандар 200-ден астам адамның тек 20-сына су жетпейді дейді. Бірақ біз эксперимент үшін ауылдың ең бірінші тұрған үйіне келгенбіз. Мұндағы жағдайда мәз емес. Осындағы тұрғындар 2 айдан бері ауыз судан тапшылық көріп отырғандарын айтады.

Аудан әкімдігі ауыл басшысының бюджеттік өтінім жібергенін айтады. Сондықтан аталған жұмыстарды биылдан қалмай шешеміз деп сендірді.

Арман Дардақов, Бұқар жырау ауданы әкімінің орынбасары:

– Қазір 15 кубтік башня тұр, енді оның көлемін көбейтіп, 20 кубтік қойсақ, су мәселесі шешілетін шығар деп солай ойлап тұрмыз. Қазір қаражат бөлінеді, сосын қыс басталғанша, бұл мәселе шешілетін шығар деп жоспарлап отырмыз.

Тасауылда қазір 66 үй, 250-ден астам тұрғын бар. Аудан билігі қатқан құбырды қалпына келтіру үшін тағы 9 млн теңгеге тендер жариялапты. Оған үміт білдірген 6 компания бір-бірімен соттасып жатыр. Салдарынан ауыл тұрғындары биыл мөлдір ауыз суға қолы жетеріне күмәнмен қарап отыр.

Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайран Ақанбаев, Зарина Зұлпхар