Мектептегі жөндеу жұмыстары қашан аяқталады – Ақтөбе

Мектептегі жөндеу жұмыстары қашан аяқталады – Ақтөбе

Ақтөбедегі Кеңес Нокин ауылының тұрғындары биылғы оқу жылына мектеп дайын болмауы мүмкін деп алаңдаулы, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оқу ордасында үш апта бұрын күрделі жөндеу жұмыстары басталған. Жергілікті халық қалған бір ай ішінде құрылысшылардың үлгеретініне сенімсіз. Оқушылардың сабағы қалай ұйымдастырылады, жөндеу жұмыстарының қашан тәмәм болады? Благодарный орта мектебін жөндеу жұмысы қарқынды жүріп жатыр. Бөлмелердің едені шығарылып, елу жыл болған ескі шатыры алынып тасталған. Ғимарат толықтай жаңартылуы тиіс. Ата-аналардың алаңдауы да сондықтан.

Айгүл Сәлімгереева, К.Нокин ауылының тұрғыны:

– Кеш басталды. Мамырды бастап кету керек еді негізі. Енді балаларды екі мектепке, ия біреуіне бөледі деп айтты біздерге. Ішкі жұмыстарын бітірсек, мүмкін өзіміздің мектепте қалармыз деп айтып жатыр да директоры.

Бұл ғимарат жарты ғасыр бұрын салынған. Соңғы рет күрделі жөндеу жұмыстары 2016 жылы жасалыпты. Жылыту және электр жүйесі, есік-терезесі жаңартылған. Бұл жолы ескірген шатырын жаңалап, қасбеті қапталады. Бөлмелердегі ағаш еденнің орнына бетон төселіп, қабырғасы сырланады. Жоспарға сай жұмыс желтоқсан айына дейін созылуы мүмкін. Бірақ мердігер мекеме өкілдері мейлінше тез аяқтауға серт беріп отыр.

Рашид Жолдыбаев, құрылыс компаниясының өкілі:

– Ғимараттың ішкі жөндеу жұмыстарын 2 ай ішінде тәмамдауға тырысамыз. Шатырын да жауып үлгеруіміз керек. Тек сыртқы қасбетін кейінге қалдыруға тура келеді. Себебі арнайы тапсырыспен жасалатын дүние. Бірақ осы уақыт аралығында мектеп ауласын аббатандырып та үлгеруіміз керек.

Благодарный орта мектебінде 496 оқушы білім алады. Биыл 50 бүлдіршін бірінші сыныпқа барады.

Меткүл Қосымбаева, қалалық білім бөлімінің жетекшісі:

– Егер үлгермей жатқан жағдайда балаларды тасымалдауды ұйымдастыру, балаларға қауіпсіз жаңа оқу жылын бастауға барлық тиісті деңгейде жұмыстар жүргізіледі. Сол жақын арадағы басқа мектептерге. Мәселен 65, 75-мектеп бар.

Ғимаратты жөндеуге бюджеттен 180 млн теңге қаржы бөлінген. Жауаптылардың айтуынша, тиісті құжаттар дер кезінде рәсімделіп, қаражат та уақытында бөлінді. Жалпы биыл қалада 10 мектеп пен 3 балабақша жөнделеді. Бұл мақсатқа 1 млрд 900 млн теңге қарастырылап отыр.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков