Бес жасар қызды табу үшін шарға тәтті мен су байлап қалдыруда

Қостанай өңірінде таңсәріде үйден шығып, жоғалып кеткен бес жасар қыз үшінші күн іздестіріліп жатыр. Із кесуге 600-дей адам полиция, құтықарушылар жаппай халық одан қалды тікұшақ та, ұшақ та шыққан. Бірақ әлі табылған жоқ.

Бір үмітіміз көшеден өткені бейнекамераға түсіп қалған, одан әрі жүгері алқабында жүргенін көргендер бар. Полицейлер не дейді? 

Бес жасар Мәдина Ерланқызын іздеу жұмыстары жексенбіден бері сәтсіз жүріп жатыр. Алғашқы күні куәгерлер оны Жамбыл ауылындағы аялдама маңында ойнап жүргенін көрсе, кеше таң сәріде бүлдіршін орталық көшеде жүгіріп жүрген. Бұны үйлердің бірінде орнатылған бейнебақылаудан анық көруге болады. Одан кейін волонтерлер қыз баланы жүгері алқабында байқап қалған. Алайда іздеу тобы сол аумақты түні бойы шарлағанымен нәтиже шықпаған. Тек бірнеше жерінен кертілген жүгері табылды. Оның собығында бала тістерінің ізі болған. Қазір дақыл сараптамаға жіберілді.

Лариса Галкина, іздеу жасағының волонтёрі:

- Түні бойы 40 гектар жүгері танабын араладық. Бала шошынып, бір жерде жасырынып отыруы мүмкін. Сол себепті іздеушілер барынша артық дыбыс шығармай белгіленген аумақты шарлап жүр.

- Выстраиваемся и уже потом объявляется общий прочес. Солдаты пошли и мы идем по краям. Без шума.

Осы күнге дейін әуе арқылы 12 ауыл шаруашылығы алқабы барланды. Жаяу жүргендер, иісшіл иттер 8 танапты шарлап шықты. Іздеушілер Жамбыл ауылынан бөлек, Қостанай қаласы, Алтын дала және Самир елді мекендерін аралап жүр. 

Данияр Сұлтанұлы, тілші:

- Бүгінгі күні іздестіру жұмыстарына әскерилер жұмылдырылды. Олардың күшімен ми батпақ жерлер мен Тобыл өзенінің жағасы сүзіліп жатыр. Қазіргі таңда іздеу аймағы 100 гектардан асып түскен.

Полицейлер іздеуге қатысамын деушілерді арнайы тіркеуден өту керектігін айтады. Осы ретте Жамбыл ауылдық әкімдігінде Жедел Штаб құрылған.

Ербол Қайырбеков, ПД криминалды полиция басқармасының бастығы:

- Жамбыл округында 842 үй бар. 3500 адам тұрады осында. Бүгінгі күні осы ауылдың бүкіл үйлер аймағын хабар-ошарсыз кеткен қызды табу мақсатында тексеріс жүргізіп жатырмыз. Ақырғы ақпарат бойынша біздің хабар-ошарсыз бала жүгері егілген аймақта көрінген. Тікұшақ және ұшақ жұмылдырылды. 

Қызды табу үшін алқаптарда әуе шарларына байланған су мен тәттілер қалдырылып жатыр. Бұл іздеушілер үшін арнайы белгі болмақ. Сонымен қатар кешқұрым дельтаплан бірнеше гектар жерге әуеден барлау жасайды. 

Данияр Сұлтанұлы, Сергей Трахтенберг