476,27 474,60 7,83
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Ауыл туризмі

  • 154
  • UPD: 15:49, 13.08.2022

Қонағын құтқа балаған қазақ қашанда босағасын аттаған мейманға дастархан жайып, төрге шығарған. Жетісу облысына қарайтын «Басшы» ауылының тұрғындары да дәл осылай шетелден келген туристерді  қазақтың әуезді әнімен қарсы алып  ұлттық тағамдарын ұсынады, деп хабарлайды «Хабар 24».

1000-ға жуық адам тұратын шағын ғана ауылдың ауызбіршілігі мықты. Балалары би билесе, әйелдері тағам дайындайды. Ал, ауыр жұмысты ер азаматтар атқарады. Ақсақалдар болса тарихтан сыр шертіп, қазақтың әдет-ғұрпын кеңінен таныстырады.

Ауыл мектебінде мұғалім болып істейтін Ардақ Омарова туристік бизнестің қыр-сырын үйреніп, 4 жылдан бері қонақтарға қызмет етіп жүр екен. Осы уақыттың ішінде оның үйінде әлемнің 60 елінен туристер болған. Жер шарының әр бұрышынан келген меймандар біздің табиғатымызға таңдай қағып, ұлттық тағамдарымызды тамсана жейді. Тіпті құрт пен ірімшікті қайтар жолда көптеп алып кетеді-дейді.   

Ардақ Омарова, ауыл тұрғыны: 

- 2018 жылы бастадым. 2019 жылы жақсы жұмыс жасадық. Тек қана шетелдік туристермен. 2020 жылы пандемия болып кетті ғой. Сол кезде кішкене тоқтап қалды бизнесіміз.  Әлі де жалғастырамыз. Әлі де жұмыс жасаймыз. Маған өзі қонақ күткен өте ұнайды.

Алматы мен Жетісу облысының әсем табиғатын тамашалап,   қазақтың ұлттық тағамдарын киіз үйде отырып ішкен шетелдіктер керемет әсер алғандарын айтып ағынан жарылды.

Джорджо Леони, Италиядан келген саяхатшы:

- Менің мұнда келгеніме 10 күннен асты. Саяхаттан алған әсерімді ауызбен айтып жеткізу мүмкін емес. Қазақ қонақжай дегенді естуші едім, осы жолы  тәнті болдым. Ұлттық тағамдарыңыздың дәмі тіл үйіреді. Ал табиғаты қандай тамаша! Жер бетіндегі жұмақ мекен десем артық айтқаным емес.

Қонағын құрақ ұшып күтіп жүрген ауыл тұрғындарына  шетелдік туристердің айтар алғысы мол. Олар тіл білмесе де бір –біріне деген құрмет  арқылы  жақсы түсінісіп жатты. 

Авторлары: Жандос Айтбайұлы, Ғафу Уәли, Эдуард Кон

Хабар 24 телеарнасы