БҚО-да бие сауатын фермер күніне 40 литр саумал алады

Күніне 40 литр саумал алады. Батыс Қазақстан облысы Қошанкөл ауылының тұрғыны бие сауып, ата кәсіпті түлетіп отыр. Фермер шаруашылыққа заманауи технологияны енгізген. Өрістегі жылқының бағытын GPS қондырғысы арқылы үйде отырып бақылайды. Ал қымызды қол күбімен емес, тоқ күбімен пісуге көшкен.

Аян бие сүті бизнесін үш жыл бұрын бастаған. Алғашында қожалықтан ауылға 2 бие алып келген. Дәл сол тұста пандемия өршіп, тұрғындардан саумал мен қымызға сұраныс күрт артыпты. Кейін шаруа жылқылардың санын көбейткен. Қазір 9 бие бағып отыр. Оларды күніне 5 рет сауады екен.

Аян Каримоллин, шаруа:

- Бір сауғанда 8 литрдей аламыз 9 биеден. Бірінші рет сауылып жатқан биелер бар. Былтырдан сауылып жатқан биелер қолға үйренген, молдау береді ғой. Басталғанда сұраныс көп болып, 2 биені жеткізе алмадық енді, шыны керек. Қазіргі уақытта саумал 30 кісі ішіп жүрді июньде. Қымызға сұраныс өте көп. Ауданға 2 магазин, бір кафеге келісіммен сол кісілерге жеткіземін.

Шаруа күніне шамамен 40 литр саумал алады. Бие сүтін ішуге келген тұрғындар үшін аулаға киіз үй құрып қойған. Тұтынушылардың көбі еміне дауа іздеген жандар.

Меңдіхан Халықұлы, Қошанкөл ауылының тұрғыны:

- Өкпе ауруына ғана емес, жүрекке де, инсульті бар кісіге де, қант диабеті бар кісіге де, жалпы үлкен кісілерге бұл қажет. 00.15. Жұмағалиевтер әулеті ата-бабаларынан жылқышылықты кәсіп еткен. Атасы, әкесі, ағасы, енді қазір балалары құрықталып, жалғастырып жатқан жағдайы бар.

Сағида Нәжімеденова, Қошанкөл ауылының тұрғыны:

- Мына жердегі көшеде тұрамын. Жиі келемін. Бір мезгіл ішемін, артық көтере алмаймын. 10 күн ішемін, 10 күн демаламын. 10 күн ішемін, 10 күн демаламын. Аян балам пайдаға асты. Қолданып отыр, еңбек етіп отыр.

Аян бұрынғыдай сағаттап күбі піспейді. Мұндай жұмысты енді темір техника тындырады. Шаруа арнайы жабдық сатып алған. Нәтижесінде едәуір уақыт үнемдеу мүмкіндігі туыпты. Бұған қоса, бастамашыл жан жайылымдағы жылқыларды спутник арқылы көріп отырады. Өйткені олардың біріне GPS қондырғысы орнатылыпты.

- GPS-ке звондасақ қазір жылқылар қорада тұрғасын сіздерге қорада тұрғанын көрсетіп береді. Бір қоңырау барады қазір міне. Сосын өзі айырылып қалады автоматты түрде. Қазір обновление жасаймыз. Міне ауылдың ішінде. Біздерден 32 метр жерде тұр. 

Бие сүтін ішуге Қошанкөл ауылындағы тұрғындардан бөлек алыс-жақын елді мекендерден де келушілер көбейген. Олардың уақытша орналасып, асықпай ем қабылдауы үшін шаруа шағын мейманхана тұрғызып жатыр. Сондай-ақ жылқыларды қыста да қамап ұстау бағытында кең қоражай салуға кіріскен. Енді жыл бойы бие саууды жоспарлауда. 

Еркебұлан Смадияров, Болат Жарылғасов