Еліміздің барлық өңірінде жаппай егін жинау науқаны басталды

Жалпы биыл барлығы 23,4 млн гектар жерге ауылшаруашылық дәні егілді. Соның 170 мыңы көкөніс дақылы, деп хабарлайды «Хабар 24».

Дәл қазір шаруалар бұл алқаптардың 77 мың гектарын жинап үлгерді. Орташа өнімділік 253 центнер. Бүгінгі күнге барлығы 1,9 млн тонна көкөніс жиналды. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен бірашама көп. Былтыр елімізде 1 млн 392 мың тонна өнім жиналған. Тиісінше, диқандар гектарына 229 центнерден өнім алған болатын. Одан бөлек, биыл егілген дәнді дақылдардың 70 проценті бітік шықты, 28 проценті қанағаттанарлық жағдайда. «Бұл жетістікке сапалы тұқымдар мен тыңайтқыштарды тиімді пайдаланудың арқасында қол жеткіздік», дейді сала басшысы.

Ербол Қарашөкеев, ҚР ауыл шаруашылығы министрі:

– Егіс науқаны сапалы тұқымдарды қолдана отырып, оңтайлы мерзімде жүргізілді. Фермерлер тыңайтқыштарды уақытылы енгізді. Дақылдарды арам шөптер мен ауруларға қарсы химиялық өңдеу де уақытылы жүргізді. Ағымдағы жылдың қолайлы жағдайлары егістіктің жай күйінен де оң әсерін тигізді.