Түркістан облысында су электр станциясы пайдалануға беріледі

Тау бөктеріндегі ағын судан қуат өндіретін станция құрылысы аяқталуға жақын. Аумағы 2 гектар жерді алып жатқан нысан чехиялық қондырғылармен жабдықталған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мұнда сағатына 1,5 МВт электр энергиясы өндіріледі. Жалпы жобаның құны 700 млн теңге. Станция іске қосылған кезде 7 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Мұнда су «Зақ Келес» өзенінен арнайы тартылған құбыр арқылы жоғары қысыммен келеді.  

Бақберген Қалыбеков, жоба директоры:

- Клапын мен трубиналарды су қысымен айналырады. Трубина бальды айналдырады. Баль келіп, электр қуатын береді. Елімізде электр қуаты тапшы. Бүкіл Қазақстанға жеткізбесек те осы жақын төңіректегі ауылдарды электр энергиясымен қамту жоспарымызда бар.

Түркістан облысы аумағында жаңартылған энергия көздерін дамытудың арнайы жоспары әзірленген. 2014-2021 жылдары аралығында өңірде жалпы қуаты 220 МВт болатын 20 жоба іске асырылды. Нәтижесінде өткен жылы жаңартылатын энергия көздері нысандарынан өндірілген электр энергиясының көлемі 357 млн кВт сағатты құрады. Биылғы жоспар 401 млн кВт сағатты құрап отыр. Бұдан бөлек Қазығұрт ауданында ірі және шағын жобаларды іске асыру үшін инвестиция тарту жұмыстары қолға алынған.

Бекет Өсербаев, аудандық Кәсіпкерлік бөлімі басшысының орынбасары:

-Барлық жобаларымызды қосқанда 5 млрдқа жуық инвестиция тарту биыл жоспарға қойылды. 27 гектар индустриялдық аймақ жұмыс істейді. Қазір онда 5 жоба жұмыс істеп тұр. 11 гектарын алып отырсақ, қалған 20 гектары бос. Соған инвестиция тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Жалпы биыл Қазығұрт ауданында 65 жобаны іске асыру көзделген. Одан бөлек аудан көлемінде 15 мың адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырған 10 мыңға жуық кәсіпкерлік нысандар бар.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ербоат Әбіш, Қуаныш Әбуов